ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА ҮЛГІ

Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері және тыл еңбеккерлері!
Қадірменді мақтааралдықтар!
Сіздерді Ұлы Жеңіс күні мерекесімен және Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын!

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі. Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның қайсарлығы мен төзімділігі бүгінгі ұрпақтың санасында нағыз Отансүйгіштіктің үлгісі болып қала бермек.

Осы зұлмат соғысқа біздің елімізден 1 миллион 500 мың қазақстандық қатысты. Ал, Мырзашөл өңірінен 12 мыңнан астам азамат аттанған болса, 3932 жауынгер ғана аман-есен елге оралған.

Соғыста жаумен аяусыз күрескен он бір жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Екі мыңнан астам тыл ардагерлері де соғыс жылдарында еңбек майданында Жеңісті жақындату үшін аянбай еңбек етті. Бұл майдангерлер және тыл еңбеккерлері Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсете білді.

Бүгінгі күні осы сұрапыл соғыста бейбіт өміріміз үшін кеудесін оққа тосып, ерлікпен шайқасқан ардагер ағаларымыздың қатары тым сиреп барады.

Олар қай кезде де үлкен құрметке лайық жандар. Мемлекеттік саясаттың арқасында соғыс және тыл ардагерлерін әлеуметтік тұрғыда қорғау, қолдау шаралары жүйелі іске асып келеді.

Құрметті жерлестер!
Жеңіс күні – көңілдеріңізге нұрлы шуақ ұялатып, жарқын қуаныштар әкелсін. Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ өмір, отбасыларыңызға амандық тілеймін.

Сондай-ақ, мемлекетіміздің айбынды мерекесі, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні көңілге шаттық ұялатқан айшықты мейрамның бірі. Осыдан 26 жыл бұрын құрылған Қазақстанның Қарулы Күштері еліміздің еңсесін тіктеп, еркіндігімізді кеңейтті. Уақыт талабына сай әскеріміз жаңарып, оның күш-қуаты жылдан-жылға нығайып келеді.

Бұл күн – Тәуелсіз мемлекіміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін білдіретін айырықша мереке. Сарбаздарымыз егемен еліміздің шекарасын күзетіп, халқымыздың бейбітшілігі мен тыныштығын қорғауға лайықты үлесін қосуда. Ұлттық әскеріміздің айбыны асқақтап, Тәуелсіз Қазақстанның аспаны әрқашан ашық болсын!

 

АСАНОВ БАҚЫТ НАСРЫХАНҰЛЫ,
Мақтаарал ауданының әкімі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған