МАҚТААРАЛДА ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ МЕН ЖЕҢІС КҮНІ ҚАТАР ТОЙЛАНДЫ

Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні мерекелерін мақтааралдықтар мәңгілік даңқ шеруімен бастады. Аудан әкімі Бақыт Асанов бастаған шерушілер кеудесін оққа тосып, ел үшін жанын берген батыр бабаларымыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, мәңгілік алауға тағзым етті. 

Іс-шара барысында аудан басшысы жиналған көпшілікті қос мерекемен қатар құттықтап, бабалар ерлігі ұрпаққа мәңгілік мұра болып қала беретіндігін атап өтті.

“Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі. Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның қайсарлығы мен төзімділігі бүгінгі ұрпақтың санасында нағыз Отансүйгіштіктің үлгісі болып қала бермек. Бұл майдангерлер және тыл еңбеккерлері Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсете білді. Жеңіс күні – көңілдеріңізге нұрлы шуақ ұялатып, жарқын қуаныштар әкелсін. Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ өмір, отбасыларыңызға амандық тілеймін” – деді Бақыт Насырханұлы.

Мерекелік іс-шарада ауданның өнерпаздары өнерлерін ортаға салып, батыр бабаларымыздың ерлігі жайлы әндер шырқады. Сондай-ақ, жас әскерлер тарапынан соғыс өнерінен көріністер көрсетіліп, саптық шерулер жасалды.

Айта кетейік, осы зұлмат соғысқа 1 миллион 500 мың қазақстандық қатысты. Ал, Мырзашөл өңірінен 12 мыңнан астам азамат аттанған болса, 3932 жауынгер ғана аман-есен елге оралған. Соғыста жаумен аяусыз күрескен он бір жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Екі мыңнан астам тыл ардагерлері еңбек майданында Жеңісті жақындату үшін аянбай еңбек етті.

Бүгінде Мақтаарал ауданында көшелердің, мектептердің, ауылдардың аттары осы батыр бабаларымыздың есімдерімен аталады. Сондай-ақ, ауданымызда көзі тірі 3 Ұлы Отан соғысының ардагерлері өмір сүруде.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған