МАҚТААРАЛДА ФУТБОЛДАН МЕКТЕПАРАЛЫҚ ЖАСТАР ЛИГАСЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ

Мақтаарал ауданы мақтасымен ғана емес, дамыған футбол индустриясымен де танымал болуы қажет. Республикамыздағы ауданнан шыққан жалғыз команда ретінде ел біріншілігінде бәсекелі ойын көрсетіп жүрген “Мақтаарал” футбол клубы мен бірнеше рет “Қазақстан чемпионы” атанған клубтың жасөспірімдер құрамасы осы салада ауданның потенциалы жоғары екенін көрсетіп тұр. Бұл туралы Мақтаарал ауданында футболдан мектепаралық жастар лигасының ресми ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Бақыт Асанов айтып өтті. 

Атамекеніміз Атакент кентіндегі “Алпамыс батыр” спорт кешенінде өткен футбол тойына 56 мектептен командалар қатысты. Іс-шара барысында әр команда таныстырылып, концерттік бағдарлама қойылды. Мемлекеттік әнұранымыз шырқалып, қалың көрермен командаларға қошемет көрсетті.

Мектепаралық жастар лигасын ресми түрде ашып берген аудан әкімі Бақыт Асанов командаларға сәттілік тілеп, бәсекелестікке қабілетті ұрпақты тәрбиелеуде спорттың маңызы зор екенін атап өтті.

“Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Біз ауданымызда бұқаралық спортпен айналысушылардың санын 30%-ға жеткізу үшін түрлі іс-шаралар өткізудеміз. Міне, бүгінгі бастау алып жатқан мектепаралық жастар лигасы – осының айғағы” – деді Бақыт Насырханұлы.

Жалпы мектепаралық жастар лигасы келесі оқу жылы басталғанша 5 кезең бойынша өтеді. І кезең бойынша 56 мектептің футбол командалары 11 аймаққа бөлініп, айналмалы жүйеде өзара кездесу өткізеді. Аймақтан І орынды алған командалар өңірлік кезеңге жолдама алады. Әрі қарай ширек финал, жартылай финал және соңғы кезең финалда лиганың чемпионы анықталатын болады.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған