ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘРБІР АЗАМАТЫ ҮШІН САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ ЖӘНЕ ЕСТЕ САҚТАУ ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗ

Құрметті мақтааралдықтар! 
Қадірменді жерлестер! 
Кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жауып, халықтың да оларға деген теріс көзқарастарын қалыптастыруға жағдай жасады.

Халықтың қамын жеген ұлт қайраткерлерінен сескенген тоталитарлық билік өкілдері тығырықтан шығар жолды іздеді. 1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.Голощекиннің келуі елде орын алып отырған жағдайды одан бетер ушықтырды. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, онда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға ұласты. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қызметтерінен алып, республикадан қуды, олардың көзін жоюды қолға алды.

Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды.

Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады.

1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды.

Жиырма екі жылдан бері Қазақстан жұрты осы күнді ерекше құрметпен атап өтіп келеді. Елімізде қуғын-сүргін құрбандарына арналған күн белгіленіп қана қоймай, түрлі жобалар жүргізілуде. Мәселен, тәуелсіздік жылдары 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды.

Құрметті жерлестер! 
Ұлты мен діні, тілі мен діліне қарамастан, мыңдаған адамдар, тоталитарлық жүйенің диірменіне түсіп, өзгеше ойлағаны үшін күнәсіз сотталып, туған жерлерінен аяусыз айдалып, түрмелерде жазықсыз көз жұмды. Сондықтан, бүгінгі жас ұрпақ үшін, азат, тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін оларды еске алу және есте сақтау қасиетті парыз деп білемін.

АСАНОВ БАҚЫТ НАСЫРХАНҰЛЫ, 
Мақтаарал ауданының әкімі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған