МАҚТААРАЛДЫҚТАР ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ

Биыл ашаршылыққа 87 жыл, қуғын–сүргіннің етек алғанына 82 жыл толыпты. 31 мамыр – саяси қуғын–сүргін және аштық құрбандарын еске алу күніне орай Мақтаарал ауданындағы Атакент кентінің “Достық” мәдениет үйінде арнайы іс-шара өтті. 

ХХ ғасырдың басындағы күштеп ұжымдастырудың салдарынан болған қолдан жасалған ашаршылықта 2 миллионнан астам қазақ аштан қырылса, 1 миллионға жуық қандасымыз атажұртты тастап өзге елде бас сауғалады. Ал, елінің бас көтерер азаматтарына “ұлтшыл” деген айып тағылып, “халық жаулары” атанды. Итжеккенге жер аударылып, еңбекпен түзеу лагерьлеріне жабылып, жазықсыздан-жазықсыз ату жазасына кесілді.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарының жарлары да, отбасылары мен туыстары да ауыр жазаға ұшырады. Бұның бәрі де қылышынан қан тамған Кеңестік дәуірдегі солақай саясаттың кесірінен орын алды. Сондықтан да “Мың өліп, мың тірілген” қазақ халқының басына түскен нәубетті келер ұрпақ қайталамауы тиіс, тура жолға бағыт алу үшін өткен күннің қаралы беттерінен сабақ, тарихтан тағлым алуымыз керек, жастарды бірлікке, патриоттық сезімге тәрбилеп, еркіндіктің қадірін терең түсіндіре білуіміз керек дейді жиынға қатысушылар.

“Ұлты мен діні, тілі мен діліне қарамастан, мыңдаған адамдар, тоталитарлық жүйенің диірменіне түсіп, өзгеше ойлағаны үшін күнәсіз сотталып, туған жерлерінен аяусыз айдалып, түрмелерде жазықсыз көз жұмды. Сондықтан, бүгінгі жас ұрпақ үшін, азат, тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін оларды еске алу және есте сақтау қасиетті парыз деп білемін” – деді жиында сөз сөйлеген Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков.

Ал, Сталиндік террорлық саясаттың салдарынан 101 мың қазақстандық ГУЛАГ-қа жабылып, 27 мыңы атылып кете барса, бүгінгі таңда сол “халық жауларының” 40 мыңы ғана ақталды. Алайда, кеңестік дәуірдегі қазақ халқының тарихында орын алған қайғылы да қасіретті жылдар зардабы әлі күнге толық зерттеле қойған жоқ. Әр деректе әрқалай айтылады. Сол себепті оларды еске салатын мұражай ашып, тарихшылар зерттеу жұмыстарымен терең айналысуы, олардың ерліктері мен еңбектерін өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау қажет деген түйін айтылды шара барысында.

“Біз кешегі Кеңестік кезеңде мектеп қабырғасында оқығанда А.Байтұрсыновтың, Ж.Аймауытовтың, Ш.Құдайбердиевтердің есімдерін тарихтан да, әдебиет кітаптарынан да оқып білген жоқ едік. Тек қана 90-жылдардан бері қарай ақтаңдақтықтарды ашу мәселесі қолға алынғаннан кейін ғана біле бастадық. Сондықтан бұндай іс-шара аудан көлемінде ғана емес ауылдарда, елді мекендердегі мектептерде, балабақшаларда аталып өтуі керек. Өйткені, бүгінгі ұрпақ, өз тарихын жақсы білгені жөн деп ойлаймын” деген аудан ардагерлері шараның тәрбиелік мәнінің жоғары екендігін айтты.

Халқымыздың өз тәуелсіздігі жолында құрбан болып, аяусыз қуғын-сүргінге ұшыраған кешегі “Бес арысымызды”, “Үш бәйтерегімізді”, “Алаштық” өрендерімізді ешқашан ұмытпай, зұлмат ашаршылықты қайталамай, жас ұрпақ еркіндіктің қадірін терең түсініп, қастерлей білуі қажет.

 

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған