БАЛА – БІЗДІҢ БОЛАШАҒЫМЫЗ!!!

Құрметті балалар және аудан тұрғындары! 
Cіздерді 1 маусым – Балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! 

Балаларды қорғаудың халықаралық күні 1949 жылдан бері аталып өтіп келеді. Жаздың бірінші күніне дәл келетін бұл күн – ең ерекше мерекелердің бірі. Өйткені, бала – біздің болашағымыз!..

Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Иә, қай мемлекет болсын бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіні сөзсіз. Бар жақсылығын баларына көрсетіп, олардың жан-жақты тәрбиелі, саналы болып есеюіне қамқорлығын аямайтын мемлекеттің де болашағы жарқын.

Жалпы мереке аясында Мақтаарал ауданында жыл сайын қайырымдылық акциялар өткізіліп, балаларға арналған концерттер мен түрлі шығармашылық сайыстар ұйымдастырылып келеді. Бұл шаралардың барлығы да балалардың өмірі мен құқықтарын, бостандығын сақтау, білім алу мен дем алуына жағдай жасау, денелік және психологиялық жәбірлеуден, балалар еңбегінің эксплуатациясынан қорғау құқықтарын сақтау қажеттілігі туралы үлкендерге ескерту үшін жасалады.

Қазіргі таңда ауданда мектеп жасындағы балалардың саны 27 108-ді құраса, мектепалды дайындық топтарында 2395 бала тәрбиеленуде. Ауданда өнерлі бүлдіршіндердің шығармашылығын шыңдайтын мектепішілік үйірмелер жұмыс істейді және онда 2 мыңға жуық оқушы түрлі дайындықтардан өтуде. Сондай-ақ, білім ұяларының да жетістігі көңіл қуантып отыр. Мақталы өңірдің өнерлі өрендері түрлі республикалық, облыстық сайыстарда жүлдегер атанып, ауданымыздың атын шығарып жүр.

Мақтаарал ауданында “Балапан” бағдарламасы аясында балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту мәселесі де басты назарда тұр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында балабақша санын арттыру нәтижесінде қамту деңгейін алдағы 1 жылда 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Сонымен бірге, жыл сайын мектептердегі оқушылар саны артып келеді. Былтыр 5 мектеп пайдалануға берілсе, биылдың өзінде ауданымызда 7 мектептің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Құрметті балдырғандар, жас достар! 
Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Тәуелсіз Қазақстанмен бірге өсіп-өніңіздер. Ата-анаңыздың, еліңіздің мақтанышы болыңыздар. Сіздерге бар жақсылықты, жарқын болашақты тілеймін.

 

АСАНОВ БАҚЫТ НАСЫРХАНҰЛЫ, 
Мақтаарал ауданының әкімі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған