МАҚТААРАЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫНА ҮНДЕУ

Құрметті мақтааралдықтар! 
Қадірменді жерлестер! 
24 маусым күні Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай тек арыстықтардың ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың еңсесін еңкейтіп, жүрегін сыздатты. Оқиғадан кейін туған қаласын еріксіз тастап шыққан арыстықтарға тұтас ел көмек қолын созып, түрлі әлеуметтік көмектер көрсетуде.
Арқа мен Алатаудың, Алтай мен Атыраудың арасындағы түгел жұрт белсенділік танытып жатқанда, іргеде тұрған мақтааралдықтардың қол қуыстырып отыруы жарамас.Әрине, Мақтаарал ауданы да бұл қасіретті бірге бөлісіп, арыстық ағайындардың ауырын жеңілдетуге өз үлесін қосуда.
Аудан әкімдігінің бастамасымен арнайы штаб құрылып, Арыс қаласы Монтайтас елді мекеніндегі “Монтайтас” жалпы орта мектебінде орналасқан эвакуацияланған тұрғындарды жайғастыру бекетіне және Мақтаарал ауданындағы туысқандарының үйіне келіп жатқан арыстықтарға түрлі көмектер ұйымдастырудамыз.
Атап айтқанда, күн сайын жүк көліктеріне тиелген азық-түліктер, гигиеналық заттар, киім-кешек пен көрпе-жамылғылар жіберіліп, медициналық көмектер көрсетілуде. Қаржылай көмектесіп жатқандар да баршылық. Әрине, ауданымыздағы атымтай жомарттар мен еріктілер қарап қалып жатқан жоқ. Дегенмен де, арыстық ағайындар еңсесін тіктеп алғанша ауызбіршілігімізді көрсетіп, бүкіл аудан тұрғындарын белсенді түрде көмек қолын созуға шақырамыз. Ол үшін демеушілер мен еріктілер тарапынан көрсетілетін көмектерді жинақтау пункттері Мырзакент пен Атакент кентінде қызмет көрсетіп жатыр.
Алты алаштың баласы біріксе күш, қосылса қуат болатынын естен шығармаңыздар!!!

 

Бақыт Асанов, 
Мақтаарал ауданының әкімі 

Қадір Сәрсекбаев, 
Мақтаарал аудандық мәслихаттың хатшысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған