МАҚТААРАЛДЫҢ ЖАСТАРЫ АРЫС ЖҰРТШЫЛЫҒЫНА 3,5 ТОННА КӨКӨНІС ЖЕТКІЗДІ

Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ бастамасымен аудан жастары Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайдан зардап шеккендерге арнап 3,5 тонна қауын-қарбыз, баклажан, болгар бұрышы сынды бақша өнімдері мен көкөністерді жеткізді.

Өнімдердің жинақталуына аудан диқандары мен кәсіпкерлері кеңінен үлес қосты. Қиналғанда қол ұшын созып, қуанғанда бірге бөлісуге дайын тұратын мырза даланың жастары мұндай шараларды қажетіне қарай алдағы күндерде де жалғастыратын болады.

Жалпы “Мақтаарал – Арыс халқымен бірге!” ұранымен Мақтаарал ауданы әкімдігі және аудандық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен демеушілік тарапынан көрсетілген көмектерді жинақтау пункттері Мырзакент пен Атакент кенттерінен ашылып, қазіргі таңда арыстықтарға көмек беру үшін әрбір мақтааралдық атсалысуда.

Аудан әкімдігінің бастамасымен арнайы құрылған штаб Арыс қаласы Монтайтас елді мекеніндегі “Монтайтас” жалпы орта мектебінде орналасқан эвакуацияланған тұрғындарды жайғастыру бекетіне және Мақтаарал ауданындағы туысқандарының үйіне келіп жатқан арыстықтарға түрлі көмектер ұйымдастыруда.

Атап айтқанда, күн сайын жүк көліктеріне тиелген азық-түліктер, гигиеналық заттар, киім-кешек пен көрпе-жамылғылар жіберіліп, медициналық көмектер көрсетілуде. Қаржылай көмектесіп жатқандар да баршылық.

Арыс қаласынан Мақтаарал ауданына 24-26 маусым күндері жалпы саны 14 отбасы, оның ішінде 62 адам туған-туысқандарының үйіне келіп орналасқаны анықталған. Атап айтқанда, Мырзакент кентінде 4 отбасы, Атакент кентінде 3 отбасы, А.Қалыбеков аулыдық округінде 2 отбасы, Бірлік ауылдық округінде 1 отбасы, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінде 1 отбасы, Жамбыл ауылдық округінде 1 отбасы, Достық ауылдық округінде 1 отбасы қоныстанғаны белгілі болды.

Қоныстанған азаматтардың мекен-жайларын штаб мүшелері күн сайын аралап көріп, жағдайымен танысып, азық-түлік, киім-кешек және гигиеналық заттармен қамтамасыз етіп, медициналық көмектер көрсетіп жатыр.

#maktaaraldankomek
#aryspenbirgemiz
#aryskakomek
#bizaryspenbirgemiz
#АрысбізБіргеміз
#Арыскөмек

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған