ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫ ЭКОНОМИКАСЫ ДАМЫҒАН ЕЛДЕ ҒАНА ҚАРҚЫН АЛАДЫ

Қадірменді құрылысшылар! 
Тамыз айының екінші жексенбісі – заманның ең керек мамандығына айналған құрылысшылардың төл мерекесі. Сондықтан, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүрекпен құттықтауға рұқсат етіңіздер! 

“Тұрғын үй құрылысы – экономикамыздың жаңа локомотиві”. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл сөзі Тәуелсіз Қазақстанның дамуында құрылысшыларға үлкен дем берді. Олар өздерінің қажырлы еңбегі арқылы халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге, қала мен кенттердің инфрақұрылымын кеңейтуге арналған әлеуметтік маңызды міндеттерді шешумен қатар, аудан мен аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға, еліміздің өркендеуіне ықпал жасап келеді.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, құрлыс саласы экономикасы дамыған елде ғана қарқын алады. Бұл – нарықтың бұлжымас заңдылықтарының бірі. Бүгінде еліміздің қай түкпіріне барсаңыз да жаңадан салынып жатқан нысандарды көресіз. Демек, бұл қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сара саясатымен ел экономикасының тұрақты даму үстінде екенін білдіріп отыр.

Тәуелсіз Қазақстанның елодрасы болған Нұр-Сұлтан қаласын аз ғана уақытта тұрғызып, адам танымастай өзгертіп, бүкіл әлемге танытқан да – Құрылысшылар екенін мойындау керек.

Киелі Мақтаарал ауданында да құрылысшы мамандығының маңызы зор. Халқы тығыз орналасқандықтан, әлеуметтік нысандарды, атап айтқанда мектептер, балабақшалар, денсаулық мекемелерінің ғимаратын салу – мұнда үлкен өзекке ие.

Бүгінгі таңда ауданымызда 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр және 2 емхананың құрылысы аяқталғалы отыр. Сонымен қатар, Мырзакент кентін ұлғайтуға арналған 160 гектар жер теліміне көпқабатты тұрғын үйлер салу үшін биыл егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленуде. Жоба әзірленгеннен соң аталған жер телімі инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы басталатын болады. Осылайша бірнеше жылдан соң 7-20-25 бағдарламасы аясында мақтааралдықтар баспанаға ие бола алады.

Міне, мұның барлығы да аудан тұрғындары үшін, өскелең ұрпағымыз үшін жасалып жатқан үлкен істер.

Мен өзім құрылысшы мамандығының қандай қиын екенін жақсы білемін және оны көзбен көріп жүрмін. Жаздың аптап ыстығына, қыстың шіліңгір суығына қарамай еңбек ететін тек қана Сіздерсіздер! Сондықтан, алдағы мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық тілеймін. Отбасыларыңыз аман, өмірлеріңіз ұзақ болсын!!!

Құрметпен, 
Мақтаарал ауданының әкімі м.у.а. 
Төребеков Бейсенбай Тасболатұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған