12.08.2019 жылы фейзбук әлеуметтік желісінде “Айгүл Орынбек” атты аккаунттың жариялаған ” Директордың өмірі үшін алаңдаймын!” атты сыни материалы бойынша ақпараттық анықтама

Мақтаарал ауданында 2018-2019 оқу жылы қарсаңында мектеп оқушыларына «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы №26 бұйрығы таныстырылып, аудандық білім бөлімі және жалпы орта мектептер тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілді. Алайда, Жаңажол ауылдық округіне қарасты Фирдауси ауылындағы А.Фердауси атындағы жалпы орта мектептің кейбір оқушылары министрдің бұйрығындағы талаптарды сақтамағандығы орын алған.

2018 жылдың 1-қыркүйегі күні қыз балалардың барлығы дерлік мектепке діни атрибуттық белгілері бар формамен келді. Мәселені шешу үшін облыстық білім басқармасы мен ішкі саясат басқармасының мамандарынан, аудан әкімдігі мен ауданның құқық қорғау органдарының мамандарынан арнайы жұмысшы топ құрылып, заң бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтамаған оқушылар мектептің аумағына кіргізілмеді және ҚР-ның «Білім туралы» Заңының 49-бабында көрсетілген міндеттерді орындамаған ата-аналарға тиісті шаралар қабылданды.

Наразылық танытқан ауыл тұрғындарына жұмысшы топтың мүшелері түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізді. Жұмысшы топтың құрамы мен діни бірлестік мамандары ата-аналар қауымымен, ауыл билері жəне зиялы қауым өкілдерімен ондаған жиын өткізіп, ортақ стандарттарды сақтау талабы туралы хабарламалар жасады. Арнайы барған 40 психолог мектеп мұғалімдерінің және оқушылардың әрбірімен жұмыс істеп, зайырлы елдегі ең басты құндылық – мемлекет заңына бағыну екенін түсіндірді. Сондай-ақ, стресске қарсы және оның алдын алу бойынша тренингтер ұйымдастырылды. Кейіннен осындай ауқымды жұмыстардың арқасында оқушылардың барлығы ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына бағынып, біріңғай мектеп формасына қойылатын талаптарды орындады.

Облыстық білім басқармасы мен жергілікті әкімдік тарапынан әлеуметтік жоспар жасалынған. 2018 жылдың 7-ші қыркүйегінен бастап қазіргі таңға дейін оқушылар спорттық және мәдени іс-шараларға қатыстырылуда. Оқушылардың туған жерге деген патриоттық сезімдерін нығайту үшін Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында еліміздің киелі жерлері мен қасиетті қалаларына саяхаттар жасалынды. Киелі Түркістан қаласы мен Елордамыз Астана қаласына да мұндай саяхаттар ұйымдастырылды. Мұндай іс-шараларды алдағы оқу жылында да жалғастыратын боламыз.

Қазақстан Республикасының Заңдары – діні, тілі, ұлты, нәсіліне қарамай еліміздегі барлық этнос өкілдері үшін ортақ екені белгілі. Алайда, Сайдакбар Мирзаев міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына қарсылық танытып, өзінің жеке мүддесін көтеріп жүрген азаматтардың бірі (Мақсаты – А.Фердауси жалпы орта мектебінің директорын орнынан кетіру және мектепке жұмысқа орналасу арқылы өзінің жеке мүдделерін жүзеге асыру). Себебі, ол аудандық соттың шешіміне сәйкес, А.Фердауси жалпы орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымынан босатылған. Ол жеке мүддесін жүзеге асыру үшін өзімен ниеттес ағайын-туысқандарын айналасына жинап, түрлі іс-әрекеттер ұйымдастыруда.

Аталған азаматпен аудан әкімі тарапынан кездесулер (қабылдаулар) жүргізілген. 2019 жылдың өзінде С.Мирзаев аудан әкімі Б.Асановтың қабылдауында 2 рет болды (20.02.2019, 27.02.2019 жылы).

Қазіргі таңда А.Фердауси жалпы орта мектебіне 1 қыркүйектен бастап күзет қызметін қою жоспарлануда.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған