СІЗДЕРДЕН ТЕК ҚАНА САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУДІ ТАЛАП ЕТЕМІН!

Құрметті жерлестер! 
Қадірменді ұстаздар қауымы! 
Тамыз кеңесі – бұл тамыры терең, тағлымы мол, айтары айқын, мақсаты тың тақырыптарды талқыға салатын – жауапты жиын. Биыл жаңадан құрылған Мақтаарал ауданында екінші рет өтіп жатқан аталған жиынға “Адами капиталды дамытудың көзі ретінде қазақстандық білім беру мазмұнын жаңарту” атты тақырып беріліп отыр. 

Адамзат баласының бұл өмірде үш түрлі міндеті болады. Оның біріншісі – ұрпақ өрбітіп, тәрбие беру, екіншісі – ұстаздық қылып, шәкірт баптау, үшіншісі – ілім-білім жинап, қоғамға қызмет ету. Бұл орайда, тәлім-тәрбие – ата-анадан, оқу мен білім – ұстаздан, ал қоғамға қызмет ету – баршамызға ортақ парыз болса керек. Ұрпақтың жұлдызын жағып, мәртебесін биіктететін де, тағлымын қалыптастырып, танымын кеңейтетін де осы қағидалар.

Ілім мен ғылым – бұл қоғамдық мүдде. Өркениеттің өлшемі де, мемлекеттің келешегі де қашанда қоғамдағы білім деңгейіне тәуелді. Бұл орайда, Ахмет Байтұрсынұлының “Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақ” деген сөзі еске түседі. Осы бір аталы ұғым біз үшін әрқашанда басты ұстаным болуы шарт. Сөз жоқ, егер мұғалім өз бойындағы жақсы қасиеттер мен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктіре алса, ол – кемел ұстаз. Біз осы бір қарапайым қағиданы қай кезде де жадымыздан шығармауымыз қажет.

Мектеп – бастапқы білім тірегі, оның сапасы, тек өскелең ұрпақтың тағдырына ғана емес, ел тағдырына да түбегейлі қатысты. Яғни, мектептер мен балабақшаларда инновациялық технологиялар мен ғылыми үрдістердің жаппай қолданылуы – ол өмір талабы. Сондықтан, біздің үлкен мақсатымыз – білім ошақтарындағы материалдық-техникалық базасын нығайту және үш мезгіл оқуды тоқтату, апатты жағдайдағы білім ошақтарын мүлде болдырмау.

Білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру – Елбасымыздың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында, “100 нақты қадам” – Ұлт жоспарында, Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында айқындалып, халқымыздың ежелгі арманы “Мәңгілік Ел” биігіне жетер жол анықталып, білім саласында алда атқарылар межелі істер белгіленген.

Қазақстанның әлемдік үрдістерге кіруі, дамыған елдердің стандарттарына деген ұмтылысы білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігін арттыруда. Осыған орай, қазіргі кезде білім беру жүйесінде жасалып жатқан реформалар білім мазмұнын жаңартуға және өсуден тұрақты даму кезеңіне өтуге бағытталған.

Қазақстанда адами әл-ауқаттылықты арттыру мәселесі мемлекет дамуындағы негізгі міндет болып табылып, басты стратегиялық құжаттарда көрініс тапқан. Атап айтқанда, “Ұлт жоспары – бес институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадамында” адами капиталды дамыту басты міндеттердің бірі ретінде аталған. Елбасымыздың”Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында да Қазақстанда адами капиталдың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар міндеттемелер көрсетілген болатын.

Қазіргі таңда адами дамудың халықаралық рейтинг-индексіне сай Қазақстанның позициясы айтарлықтай орнықты, себебі, еліміз АДИ (адамның даму индексі) деңгейі жоғары мемлекеттердің қатарына кіреді. 188 мемлекет кіретін тізімде біздің еліміз бел ортадан орын алған. Жалпы көрсеткіштер бойынша Қазақстанның даму деңгейі өзге Орта Азия елдерінен көш ілгері, алайда, посткеңестік және Балтық елдерімен әлі де салыстыруға келмейді. Ал, Еуропа және Батыспен салыстырғанда мүлде артта қаламыз.

Адами капиталды қалыптастыруға мемлекетіміздің білім беру саласындағы саясаты үлкен ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл саладағы зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, нәтижені қалыптастыру мен қолдану шарттары негізінде адами капитал экономикалық өсімнің ырғағы мен сапасына оң әсер ете алады.

XIX-XX ғасырларда дамыған мемлекеттер адами капиталға инвестицияларының 20-30 пайызын ғана салып, қалғанын физикалық капиталға арнады. XXI ғасырдың басында керісінше инвестициялардың 80 пайызы адами, 20 пайызы физикалық активтерге жіберілуде. Дүниежүзілік банктің есебінше, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін мемлекеттердің әл-ауқатының 81 пайызын адами капитал, 17 пайызын физикалық және 2 пайызын табиғи капитал қамтамасыз етіп отыр.

Адам – экономика дамуының әлеуеті екені сөзсіз. Сондықтан, бүгінгі таңда мемлекетіміздегі кейбір салалар заманауи адами капиталының жетіспеушілігіне байланысты дамымай отыр. Ресурстарға, еңбек тиімділігін көбейтуге, дұрыс экономикалық, индустриялық және саяси стратегияларға негізделген өсу үдерісі шегіне жетті. Қазақстан ресурсқа негізделген экономикадан тиімді экономикаға өту үшін адами капиталды дамытуға үлкен мән беруде.

Бүгінгі таңда Мақтаарал ауданының білім бөліміне қарасты 56 мектеп жұмыс істейді, оның 55-і жалпы орта, 1-еуі негізгі орта мектеп. Осы білім ошақтарында өткен оқу жылында 27108 оқушы білім алса, мектепалды дайындық топтарында 2430 бала тәрбиеленді. Сондай-ақ, мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты, балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында 1871 оқушы қосымша білім алды. Сондай-ақ мектептердегі 19 түрлі үйірмеде 6804 оқушы қамтылды.

Аудан бойынша мектепке дейінгі ұйымдардың саны – 107. Оның 96-сы балабақша, 11-і шағын орталық. Барлығында 8555 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып, 1-6 жас аралығы бойынша балаларды қамту деңгейі 88,7 пайыз, 3-6 жас бойынша 92,6 пайызды құрап отыр.

Ал, ендігі кезекте оқушыларға білім беру сапасына тоқталып өтсем, оқушылардың білім сапасы бойынша Т.Әубакиров, Т.Бегилдинов, Мәдениет, №27, Ж.Нұрлыбаев, Нұрлы таң, №41, А.Фердауси, А.Навои, Тұрсын-Заде, Асыл мұра, Мақтажан, Х.Алимжан атындағы мектептердің көрсеткіштері төмен болған.

Соңғы кезде білім саласы бойынша түсіп жатқан арыз-шағымдар туралы да жиі мәселе көтеріліп жүр. Айтар болсақ, Қ.Үкібаев, А.Фердауси, С.Торайғыров, Тұрсын-Заде, Асыл мұра, №49, Ж.Нұрлыбаев, Мәдениет, №41 жалпы орта мектептерге мұғалімнің беделін түсіретін мәселелер – басшылықпен жанжалдасу, жұмысқа орналасу, сағат бөлу, өз мамандығын немесе пәнін жетік меңгермеу, мектеп директорлардың тағайындалуына қарсы секілді арыз-шағымдар келіп түскен.

Бірнеше күннен кейін жаңа оқу жылы басталады. Жақында ғана менің төрағалығыммен өткен аппарат мәжілісінде аудандағы білім ошақтарының 2019-2020 оқу жылына дайындық барысы мәселесі қаралды.

Ең алдымен жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында ағымдағы жылдың сәуір айында білім беру ұйымдарының жылу қазандықтарына, жылу жүйелеріне шаю, тазалау, гидравликалық сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, 74 млн. теңгені құрайтын жалпы қажеттілігі 6240 тонна қатты отынға конкурс өткізіліп, мердігер анықталды. Бүгінгі күнге дейін қатты отынның барлығы дерлік тасымалданып, білім беру мекемелері толықтай қатты отынмен қамтамасыз етілді.

Жаңа оқу жылына дайындау мақсатында білім беру ұйымдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін аудандық бюджеттен 9 млн. 906 мың теңге қаржы қаралып, қажетті құрылыс заттары (әк, бояу, водоэмулся, растворитель щетка т.б.) жеткізілген. Қазіргі таңда, ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Ал, күрделі жөндеу жұмыстарына Жамбыл ауылдық округінде орналасқан С.Мұқанов атындағы жалпы орта мектебіне 160 млн. 464 мың теңге және Мырзакент кентінде орналасқан Абылайхан атындағы жалпы орта мектебіне 358 млн. 934 мың теңге қаржы қаралған.

С.Мұқанов атындағы жалпы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарының 90 пайыз жұмысы аяқталған болса, Абылайхан атындағы жалпы орта мектебіне мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, жеңімпаз мердігер анықталып отыр.

Жаңа оқу жылында оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендерімен толық қамту үшін жергілікті бюджеттен 268 млн. 840 мың теңге қаржы бөлінген. Оқулықтарды қайта басып шығару кестесіне сәйкес, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алу үшін 11 баспамен 132 133 оқулыққа келісім-шарттар түзілген және соның 90% пайызы тасымалданған.

Мақтаарал ауданы бойынша 2019-2020 оқу жылында 1-11 сынып аралығында 27374 оқушы білім алады деп жоспарлануда.

Құрметті ұстаздар!
Мемлекетіміз тарапынан, аудан әкімдігі тарапынан білім беру саласына барынша жағдай жасалып отыр. Жыл сайын ауданымызда заманауи үлгіде салынған жаңа мектептер пайдалануға берілуде. Қазірдің өзінде 7 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Мұнан бөлек, Еуропалық стандарттармен жабдықталған робото-техника, ІT кабинеттері ашылуда. Мұның бәрі өскелең ұрпағымыз үшін жасалып жатқан үлкен жұмыстар. Ендеше, Сіздерден тек қана сапалы білім беруді және еліміздің келешегі үшін бәсекеге қабілетті бола алатын ұрпақ тәрбиелеуді сұраймын.

Істеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, күндеріңізге сәттілік тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Басталғалы тұрған жаңа оқу жылымен құттықтаймын!!!

 

Ізгі ниетпен, 
Мақтаарал ауданының әкімі 
Асанов Бақыт Насырханұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған