МАҚТААРАЛДА МҮГЕДЕК БАЛАЛАР ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

30 тамыз – ҚР-ның Конституциясы күні қарсаңында Мақтаарал ауданындағы Атакент кентінде “Үміт бер” атты мүгедек балалар орталығы ашылды. Салтанатты шараға аудан әкімінің кеңесшісі Мұрат Айдарбеков қатысып, жиынға қатысушыларды арнайы құттықтады. 

Жаңадан ашылған орталықта науқас жеткіншектердің сауығып кетуіне барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, емдік дене шынықтыру бөлмесі балғындардың сал болып қалған аяқ-қолдарын жазып, қалыпты жағдайға түсуіне мүмкіндік жасаса, монтессори педагогикасы науқастардың үй жағдайына бейімделуіне көмектеседі. Орталықта музыка, ойын терапиялары бар, асханасы да заманауи жабдықталған. Сондай-ақ, мүгедек балаларды әлеуметтік ортаға қосу, психикалық дене мүмкіндігі деңгейінде қоғамдық өмірге араластыру мақсатында тиісті мамандар жұмыс жүргізетін болады.

Ашылу рәсіміне қатысқан қонақтар денешынықтыру және балалардың бос уақытын ұйымдастыру бөлмелерін аралап көрді. Айта кету керек, денешынықтыру бөлігі жаттығу құралдары, ойыншықтар, жұмсақ ойын модульдерімен, баланың шығармашылығын дамытуға арналған бейнелеу студиясымен қамтылған.

“Бұл дегеніміз ауданымыздағы ешбір мүгедек бала ескерусіз, қолдаусыз, қамқорлықсыз қалмайды деген сөз. Себебі, ауданымыздағы әлеуметтік қызмет көрсету сапасы жылдан жылға жанданып келеді. Оған дәлел – осы орталықтың ашылуы. Сондықтан, сіздер үмітті ақтап, сабақты жақсы оқитындарыңызға, үлгілі де тәртіпті бала боп өсетіндеріңізге сенімім мол. Ендеше, сіздерді мерекемен құттықтай отырып, орталықты ашық деп жариялаймын!” – деді М.Айдарбеков.

Ауданымыздағы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту мақсатында Мақтаарал ауданында бұған дейін екі мүгедек балалар орталығы қызмет көрсетіп келді. Сол орталықтарда бір жылда 100-ге жуық бала денсаулықтарын оңалтуға мүмкіндік алды. Міне, бүгін жаңадан ашылған “Үміт бер” мүгедек балалар орталығы тағы 100 мүмкіндігі шектеулі балаға тиісті қызметтерді көрсетуге қауқарлы.

Айта кетейік, бүгінде Мақтаарал ауданында 4321 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оның 167-сі 18 жасқа дейінгі балалар боп саналады. Жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі балаларға аудан әкімдігі тарапынан түрлі әлеуметтік қолдаулар көрсетілді. Сондай-ақ, балаларға 35 әлеуметтік қызметкер бөлінген.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған