АРЫС-МАҚТААРАЛ: ДОСТЫҚ ЖЕҢДІ

Жарылыстан кейінгі күрделі жөндеуден өткен “Арыс” орталық стадионында “Арыс” футбол командасы мен Қазақстан Республикасының бірінші лигасында ойын көрсетіп жүрген “Мақтаарал” футбол командасы өзара жолдастық кездесу өткізді. 

Футбол додасына Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, қос командаға сәттілік тіледі.

“Бүгін Мақтаарал ауданы мен Арыс қаласының құрамалары жолдастық кездесу өткізуде. Мұндағы мақсат – төтенше жағдайдан зардап шеккен арыстық ағайындарды бір сәтке болса да бұқаралық спортқа тартып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру болып табылады. Облыс әкімінің бастамасымен Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру үшін қала секторларға бөлінді. Шығыс Қазақстан облысы мен Мақтаарал ауданына 8-ші сектор бекітіліп, бүгінгі таңда үйлерді қалпына келтіру жұмыстары аяқталып отыр. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш, үлкен той. Сондықтан, бүгінгі футболдан өтіп жатқан жолдастық кездесу осы бір қуанышымызға арналады. Ендеше, қос командаға сәттілік тілеймін!” – деді Бақыт Насырханұлы.

Ойынның 17-ші минутында “Мақтаарал” командасының шабуылшысы, Премьер-лига ойындарының алғашқы голының авторы Абылайхан Махамбетов есепті ашса, ойынның 20-шы минутында “Арыс” командасының ардагер ойыншысы Қайрат Рысбаев таразы басын теңестірді.

Қауіпті шабуылдар жасаған арыстық команда ойынның 23-ші минутында қонақтардың қақпасына екінші голды салып, алға шықты. Екінші голдың авторы 17-ші нөмірлі ойыншы – Максим Козоренко.

Ойынның екінші таймының тоғызыншы минутында арыстық команданың ойыншысы Әбілхайыр Абылай мақтааралдықтардық қақпасына гол соғып, есепті еселеді. Толассыз шабуылдардың арқасында “Мақтаарал” футбол клубының сұрмергені А.Махамбетов екінші голды қақпаға жолдаса, дәл сол ойыншы ойынның аяқталуына төрт минут қалғанда алаң иелерінің қақпасына үшінші голды салып, кездесу 3:3 есебімен тең аяқталды. Осылайша достық жеңді.

(фото суреттер Асхат Әссандидікі)

#арыспенбіргеміз
#мақтаарал
#мырзакент
#атакент

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған