АРЫС – БІЗДІҢ БІРТҰТАСТЫҒЫМЫЗДЫ КӨРСЕТТІ

Құрметті мақтааралдықтар! 
Қадірменді жерлестер! 
24 маусым күні Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай тек арыстықтардың ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың еңсесін еңкейтіп, қабырғасын қайыстырды. Оқиғадан кейін туған қаласын еріксіз тастап шыққан арыстықтарға Арқа мен Алатаудың, Алтай мен Атыраудың арасындағы түгел жұрт көмек қолын созуға асыққанда іргеде тұрған мақтааралдықтар да қол қуыстырып қарап отырмады. 

Мақтаарал ауданы бұл қасіретті бірге бөлісіп, арыстық ағайындардың ауырын жеңілдетуге барынша атсалысты. Қайғылы оқиға орын алған күні-ақ, менің бастамаммен арнайы штаб құрылып, Арыс қаласы Монтайтас елді мекеніндегі “Монтайтас” жалпы орта мектебінде орналасқан эвакуациялық бекетіне және Мақтаарал ауданындағы туысқандарының үйіне келіп жатқан арыстық ағайындарға түрлі көмектер ұйымдастырылды.

Бүгінгі күнге дейін жалпы құны 25 миллион теңгені құрайтын азық-түлік, киім-кешек пен гигиеналық заттар мақтааралдықтар тарапынан арыстықтарға жеткізіліпті.

Арыстықтардың ғана емес, күллі қазақстандықтардың қасіреті саналған осынау қиын кезеңде көмекке асыққан ауданымыздағы атымтай жомарттар мен еріктілерге айтар алғысымыз шексіз. Арыстық ағайындар еңсесін тіктеп алғанша ауызбіршілігімізді көрсетіп, белсенді түрде көмек қолын созу арқылы алты алаштың баласы біріксе күш, қосылса қуат болатынын ел жұртқа паш еттік.

Облыс әкімінің бастамасымен Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру үшін қала секторларға бөлінді. Шығыс Қазақстан облысы мен Мақтаарал ауданы 8-ші секторға бекітіліп, бүгінгі таңда сектордағы негізгі құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып отыр.

Сектордағы 527 үйге қайта жөндеу жұмыстары жасалып, 5 үй толықтай қайтадан құрылды. Ол үшін Шығыс Қазақстан облысынан келген 10 құрылыс компаниясының 300-ден астам құрылысшысы мен 10-ға жуық техникасы жұмылдырылып, аз ғана уақыттың ішінде қыруар жұмыс атқарылды.

Мақтааралдықтар аталған секторда тазалық іс-шараларын қарқынды түрде жүргізіп, бүгінгі күнге дейін 7 мың тоннадан астам күл-қоқыс шығарыпты. Ол үшін арыстық ағайындар бізге шексіз ризашылығын білдіруде.

Бүгінгі таңда “Арыс, біз біргеміз!” акциясы аясында Арыс қаласының тұрғындарына мақтааралдықтар тарапынан беріліп жатқан көмектер әлі де жалғасуда. Ауданға қарасты барлық бюджеттік мекемелердің қызметкерлері 1 күндік жалақыларын қорға аударып, қазіргі таңда 5 миллион теңгеден аса қаржы өткізілген. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесі мен әжелер алқасы ұйымының бастамасымен құрылған аудандық қорға аудан тұрғындары тарапынан 1,4 миллион теңгеден аса қаржы жинақталып, аталған қаржы сектордағы іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстарына жұмсалды.

Қадірменді жерлестер!
Осынау қиын-қыстау кезеңде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып аянбай көмек қолын созған баршаңызға өз алғысымды білдіремін!

Жасаған қайырымды істеріңіз Алладан еселеп қайтсын! Ел үшін жасаған еңбектеріңіздің бейнетін көріңіздер!..

Жақсы күндерде жолығайық!..

Құрметпен, 
Мақтаарал ауданының әкімі 
Асанов Бақыт Насырханұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған