МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ІЗГІ ҚАСИЕТТЕРІ ДӘРІПТЕЛДІ

Қоғамдық келісімді, қазақ ұлтының ізгі қасиеттерін, қазақ халқының мемлекетіміздегі аға ұлт екендігін, мемлекеттік саясаттағы достастықтың, ынтымақтастықтың рөлін насихаттау бағытында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы “Қоғамдық келісім” Республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Ф.Мажитов бастаған бір топ ғалымдар Мақтаарал ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Аудан әкімінің орынбасары Сәкен Сұлтанханов төрағалық еткен ауқымды шараға аудандық этномәдени бірлестіктер, қоғамдық келісім, ардагерлер кеңесі, аналар кеңестерінің және әжелер алқасының төрағалары мен өкілдері, кенттер мен ауылдық округ әкімдері мен мамандары, мектеп директорларының тәрбие жөніндегі орынбасарлары, студент жастар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – “Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыру аясында барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайту. Сондай-ақ, Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге бағытталған.

Жиынды алғаш болып сөз алған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы “Қоғамдық келісім” Республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Ф.Мажитов осындай “Қазақтану” жобасы арқылы негізінен халықтар арасындағы бірлікті нығайтуды көздейтінін атап өтті.

“Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, сондай-ақ қазақ халқының құндылықтарын насихаттауды қолға алғанбыз. Халқымыздың бірлігін одан әрі нығайту және елдегі тұрақтылықты сақтауға қол жеткізу – басты мақсатымыз. Сондай-ақ қазақ халқының ұлттық құндылықтарына айналған қонақжайлылық, сенім мен достық сияқты қасиеттерді дәріптеу арқылы жастардың бойына елжандылық сезімін сіңіру” – деді С.Мажитов.

Жалпы жиын барысында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің және Абылайхан атындағы шет тілдері университетінің ғалымдары сөзге шығып, қазақ халқының бойындағы ежелгі заманнан келе жатқан жақсы қасиеттері туралы және оның болашағымызға тигізер пайдасы жөнінде тарихи деректерге сүйене отырып баяндама жасады.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған