МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫНДА АЙТЫЛҒАН ЖӘНЕ ОДАН ТУЫНДАЙТЫН МІНДЕТТЕРДІ ОРЫНДАУҒА БАРШАҢЫЗДЫ ШАҚЫРАМЫН!

Құрметті мақтааралдықтар!
Қадірменді жерлестер!
Өздеріңізге белгілі, 2019 жылдың 2-қыркүйегінде мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысып, сессияны ашқаннан кейін, Парламент трибунасынан Қазақстан халқына өзінің “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” деп аталған Жолдауын жариялады.

Президент сөзінің басында тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерге қысқаша тоқталып, өткен жылдардың жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болғанын, қол жеткен табыстардың нәтижесінде “Елімізді дамытудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі” беріліп отырғандығын, оған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе алатын, сайлау алдында халыққа берген уәделерін міндетті түрде орындайтынын нақтылап айтты. Мұнан соң Жолдаудың басым бағыттары туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Жолдаудың “Заман талабына сай мемлекет” деп аталған алғашқы бөлімінде елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты реформалар жасау мүмкін емес екендігі айтылды. Ол үшін “Күшті Президент – Ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” – мемлекет тұрақтылығының негізі болатын саяси жүйе қажеттілігін меңзеді.

Бұдан былай азаматтардың сындарлы сауалдарына құлақ түретін, жедел әрі тиімді жауап беретін мемлекет тұжырымдамасын іске асыру бәрімізге ортақ міндет деді. Облыс әкімі Ө.Шөкеев 4-қыркүйек күні Жолдауды іске асыруға арналған актив жиынында осы бағытта шұғыл шешім қабылдап, “Азаматтардың өтініштерін бақылау” бөлімін құруға тапсырма берді. Біздің ауданның тәжірибесінде мұндай үрдіс бар, оны әрі қарай дамытатын боламыз.

Президент партия құрылысы, халықпен тиімді кері байланыс орнату, митингтер туралы заңнаманы жетілдіру, қоғамдық келісімді нығайту, Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абайдың 175 жылдық мерейтойларын атап өту мәселелеріне де жан-жақты тоқталды.

Жолдауда халықты толғандыратын негізгі мәселелер көшелерде емес, Парламенттің және азаматтық диалогтың шеңберінде талқыланып, шешімін табуы тиіс екені көрсетілді. Алдағы Парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы партиялық тізімдер бойынша өтетіндігі айтылды.

Мемлекет басшысы мемлекеттік органдарды халықпен тиімді байланыс орнатуға, ашықтыққа шақырды, мемлекеттік қызметкерлердің саны қысқартыла бастайтынын, 2024 жылға қарай оның деңгейі 25 %-ға жететінін (қысқартылатынын) мәлімдеді.

Президент бейбіт митингілер өткізуге орындар белгіленетінін, ал, бірақ заңға қайшы, бұзақылыққа шақырған іс-шаралардың жолы кесілетінін айтты.
Жолдауда қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келе жатқанын айтты. Бұл 60-тан астам ұлт пен ұлыстардың өкілдері тұратын біздің ауданымыз үшін өте өзекті.

Қазақ тілін, оның грамматикасының өзге ұлттар өкілдерінің оқып-үйренуіне – көрнекі ақпарат құралдары едәуір рөл ойнайды. Өкінішке орай, аудандағы кейбір елді мекендердегі ілініп тұрған баннерлер, орнатылған паннолар, мекемелердің паспорттары, маңдайшалары (вывескалары) сауатсыздықтан құралақан емес.

Жолдаудың екінші бөлімі “Азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету” деп аталған. Бұл бөлімде сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар жүргізу, сот шешімдерінің сапасын арттыру, жасалған кейбір қылмыстар үшін жазаны күшейту, броконьерлердің теріс әрекеттеріне тосқауыл қою, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, 2020 жылдың соңына дейін Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру және тағы басқа мәселелер қамтылған.

Жолдаудың үшінші бөлімі “Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика” деп аталған. Мұнда Президент шикізатқа байланған мениталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру, еңбек өнімділігінің өсімін кемінде 1,7 есеге өсіру мәселелерін қозғаған.

Халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, жұмыссыздықты азайту кәсіпкерлікті дамытумен тығыз байланысты екендігі белгілі. Жолдауда бұл мақсатқа бюджеттен бөлінген қаражаттың (100 млрд. теңге, ұлттық қордан) игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруалар ғана көреді деп көрсетілген.

Ауданның ауыл шаруашылығы бөлімі, салаға жетекшілік жасайтын аудан әкімінің орынбасары С.Сұлтанханов бұл мәселеге жіті назар аударуды, келген қаражаттың заң талаптарына сәйкес, әділ бөлінуін қамтамасыз етілуі тиіс.

Жолдауда жеріміз шетелдіктерге сатылмайтыны айтылған. Суармалы жер көлемін кезең-кезеңімен 2030 жылға қарай 3 млн гектарға дейін ұлғайту, жер ресурстарын тиімді пайдалану, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алатын кез келді делінген.

Соңғы мәселе біздің аудан үшін өте өзекті. Ауданның жер қатынастары бөлімі, ауылдық округтердің әкімдері шаруаларға Жолдауда айтылған мәселелерді жетілдіруді, сөйтіп олардың жерді тиімді пайдалануына, мол өнім алып, өздерінің хал-ахуалдарын, тұрмыс жағдайларының жақсаруына ықпал жасалуы қажет.

Президент Үкіметке “Ауыл – Ел бесігі” бағдарламасын іске асыруға келесі 3 жылда осы жылы бөлінген 30 млрд. теңгеге қосымша 90 млрд. теңге бағыттауды тапсырды.

Біраздан бері айтылып жүрген 5 проценттік қосымша зейнетақы төлемін енгізу мәселесін 2023 жылға дейін шегерілді.

Президент жолдауда Ұлттық қордың қаржысы – келешек ұрпақтың қаржысы екендігін айтты және осы ағымдағы мәселелерді шешуге жұмсауды қысқартуды қадап көрсетті.

Жолдаудың төртінші бөлімі “Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі” деп аталған. Мемлекет басшысы еліміздің бюджеті екі мақсатқа, атап айтқанда, экономиканы дамытуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалуы тиіс екендігін атап көрсетті.

Президент әлеуметтік салада білім беру сапасын жақсартуға отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру, медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, мәдениет қызметкерлерін қолдау, әлеуметтік көмек көрсету жүйесін одан әрі дамыту, зейнетақы жүйесін дамыту мәселелеріне кеңінен тоқталды.

Жолдаудың соңғы бесінші бөлімі “Қуатты өңірлер – қуатты ел” деп аталған. Мұнда жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру, бюджетаралық қатынастар жүйесін реформалау, басқарылатын урбанизация және бірыңғай тұрғын үй саясаты, инфрақұрылымды дамыту мәселелері айтылған, міндеттер қойылған. Бұл салаларда да ауданда атқарылатын жұмыстар аз емес. Аудан әкімдігінің тиісті бөлімдері Жолдаудан туындайтын міндеттерін айқындап, оларды орындау жолдарын қарастырулары, нақты іс-шаралар жоспарларын түзулері тиіс.

Республика Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында қойылған және одан туындайтын міндеттерді орындау жалғыз атқарушы биліктің ғана емес, барлық мемлекеттік органдардың, меншік түріне қарамастан кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың, бір сөзбен айтқанда, бүкіл жұртшылықтың, барлығымыздың ортақ ісіміз. Әрбіріміз өз орнымызда белсенді әрекет жасасақ, нақты іс атқарсақ, Жолдаудағы межелер еңсерілетіні сөзсіз. Мен барлығыңызды Жолдауды орындауға бағытталған белсенді әрекеттер жасауға шақырамын!

 

Құрметпен,
Мақтаарал ауданының әкімі
Асанов Бақыт Насырханұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған