ҚАРИЯЛАРЫМЫЗ – БІЗДІҢ БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҒЫМЫЗ!

Құрметті ардагер қариялар!
Сіздерді 1 қазан – Халықаралық Қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1990 жылғы 14 желтоқсанда әр жыл сайын 1 қазанда Халықаралық қарттар күнін атап өту жөнінде шешім қабылдаған болатын. Бүкіл әлем, соның ішінде біздің Тәуелсіз елімізде де қарттарымыздың бұл төл мерекесі ерекше тойланып келеді.

Халқымыз «Үйіңде қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп бекер айтпаған. Жақсы қартая білген адам күннің жарығы секілді өзгелерге нұрын шашады, санаға сәулесін сіңіреді. Қазыналы қарияларымыз – қоғамымыздың қымбат қазынасы. Олар – біздің тірегіміз, арқа сүйер ұстанымыз, мемлекетіміздің баға жетпес байлығы.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ардагерлер – біздің алтын қорымыз, мақтанышымыз» деп айырықша атап көрсетіп, қарияларымызды құрметтеп, қадірлеуді үнемі еске салып келеді. Расында да, кезінде көп бейнет көрген қарттарымызды зейнетке бөлеу, құрметтеу, қамқорлық жасау – абыройлы борышымыз.

Мемлекет қарттарға ұдайы қамқорлық жасаумен келеді. Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған жыл сайыңғы Жолдауларында зейнеткерлерімізге барынша қолдау білдіріп, зейнетақыларын көбейтіп, әлеуметтік жағынан қорғалуына баса назар аударуда. Қарияларды әлеуметтік жағынан тұрақты қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады.

Біз қарияларға жан-жақты қамқорлық жасау арқылы өскелең ұрпақты үлкендерді құрметтеуге үйретудеміз. Осы орайда, біздің ауданымызда да ардагерлердің материалдық-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, денсаулықтарын нығайтуына жан-жақты көңіл бөлініп келеді.

Бүгінгі күні ауданымызда 7863 зейнеткер бар. Оның үшеуі Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 23-і тыл ардагерлері. Жалғызілікті қариялар қатарында 195 адам бар. Қарияларымыздың денсаулығын жақсартып, сауықтыру мақсатында «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйлеріне 318 жолдама, Жетісай ауданындағы «Төлеген», «Әмзе» шипажайларына 203 жолдама беріліп, ол кісілер денсаулықтарын түзеуге мүмкіндік алды.

Аталар мен әкелерімізді, әжелер мен аналарымызды құрметтей білейік. Біз де солардың жасына жетеміз, сол кезде жастардың қамқорлығына мұқтаж боламыз. Қарттарды қазір қалай құрметтесек, біздің балаларымыз бен немерелеріміз де бұл үрдістен үлгі алып өседі.

Қадірменді қариялар!
Сіздерге бүгінгі қуанышты күні ұзақ өмір, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілеймін. Әрдайым ортамызда үлкен сый-құрметке бөленіп, аман-есен жүре беріңіздер!

Мерекелеріңіз құтты болсын, қадірменді қариялар!

 

Үлкен құрметпен,
Мақтаарал ауданының әкімі
АСАНОВ БАҚЫТ НАСЫРХАНҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған