МЕКТЕПТІҢ ТІРЕГІ – ҰСТАЗДАР!

Қадірлі ұстаздар!
Сіздерді Ұстаздар күні мерекесімен және білім қызметкерлерінің кәсіподағы күнімен аудан жұртшылығы атынан шын жүректен құттықтаймын!

Білім ордасы – мектеп жас ұрпақты тәрбиелейтін киелі де қасиетті мекен. Ал, сол мектептің негізгі тірегі – білімді де, білікті ұстаз.

Заман талабына сай әр баланың қабілетіне қарай дарындылығын дамыту, дүбірлі білім жарыстарында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт шығару осы ұстаздардың ерен еңбегінің жемісі.

Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де баптап өсіретін осы қастерлі мамандық иесі – мұғалімдер!

Ұстазды – ұлт ұстыны, тірегі деп мақтан етеміз.

Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім саласын дамытудың негізгі бағыттарын атап өтті. Соның ішінде: «Бірінші мәселе – білім сапасын көтеру. Екінші мәселе, тәрбие – сапалы білімнің негізгі арқауы, діңгегі» – деп айырықша атап көрсеткен болатын. Бұл орайда педагогтарға үлкен міндет, жауапкершілік жүктелді.

Ең алдымен білім беру мазмұнын жаңа сапалық деңгейге көтеруіміз керек. Алдағы уақытта балаларды тәрбиелеуде инновациялық бағыттарға ерекше назар аударуымыз қажет. Ұстаздар жаңа технология бойынша, жаңартылған білім мазмұны негізінде сабақ өткізіп, ұстаз бен ата-ананың берік байланысы аясында жұмыс істеуі тиіс.

Бүгінгі күні өмір өзгеріп жатыр, соған қарай ұстаздар да заман көшінен қалмауы керек. Мұғалім де, оқушы да үлкен ізденісте болғаны жөн деп білеміз.

Барша ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтай отырып, шәкірт тәрбиесіндегі еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға жақсылық тілеймін.

 

Ізгі ниетпен,
Мақтаарал ауданының әкімі
АСАНОВ БАҚЫТ НАСЫРХАНҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған