Осыдан екі ай бұрын немере ағам жол-көлік апатынан көз жұмды. Оның зейнетақы қорында жинақ ақшасы болуы мүмкін. Егер бар болса оны қалай алуға болады?

Жеке зейнетақы шотындағы ақша салымшының (алушының) меншігі болып табылады және ол қайтыс болған жағдайда да «БЖЗҚ» АҚ-та мерзімсіз сақтала береді. Қайтыс болған салымшылардың заң немесе өсиет бойынша мұрагерлері мұра қалдырушының зейнетақы шотының бар болуы, онда қанша ақша бар екендігі және оның қозғалысы туралы анықтаманы Қорға  жазбаша сауал жолдау арқылы алуға құқы бар. Бірақ бұл үшін оларда Мұрагерлік құқығы туралы куәлігі болуы керек. Бұдан басқа мұндай анықтама соттарға да олардың жүргізуіндегі мұрагерлік істер бойынша беріледі.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтары өсиет бойынша және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 31-33 – баптарына сәйкес мұраға қалдырылады. Зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, Қор қажет жағдайда (қанша уақыт өтсе де) оның отбасына немесе жерлеуді ұйымдастырған адамға жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді. Бұл төлем 1998 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және оның көлемі әр жылдары әрқалай болып келді. Ал биыл оның сомасы тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшерінде (2525*52,4 = 132 310 теңге) белгіленген.

Бірақ бұл сома жеке зейнетақы шотында жатқан қаражаттан аспауы тиіс. Егер жерлеуге арналған біржолғы төлемнен кейін шотта қалған ақшаның сомасы ең төмен зейнетақы мөлшерінен (биыл: 36 108 теңге) аспайтын болса, онда бұл қалдық жерлеуге арналған бір жолғы төлемге қосылып төленеді. Заң бойынша жерлеуге арналған төлем 5 (бес) жұмыс күні ішінде алушының банк шотына аударылады.

Жерлеуге арналған біржолғы төлемді алу үшін мынадай құжаттар талап етіледі: зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған адамның отбасы мүшесінің немесе жерлеуді жүзеге асырған тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы, зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болғаны туралы куәліктің көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы және алушының банк шоты туралы мәліметтер.

Ал зейнетақы қорында жерлеуге арналған біржолғы төлемнен кейін қалған зейнетақы жинақтарын алу үшін Мұрагерлік құқығы туралы куәлік қажет. Оны алу үшін мұрагер нотариусқа жүгініп, өтініш береді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған