МАҚТААРАЛДА СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН КІШІ ФУТБОЛДАН ЖАРЫС ӨТТІ

Мақтаарал ауданында Алаштың біртуар азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығына арналған мемлекеттік мекемелер арасында “Спорт бізді біріктіреді” атты кіші футболдан турнир өтті.

Республикалық “Алпамыс батыр” қоғамдық қорының демеушілігімен, “Мақтаарал” футбол клубының бастамасымен және “Бекет” газеті редакциясының ұйымдастыруымен өткен спорттық шараға Мақтаарал және Жетісай аудандарының әкімдіктері мен ішкі істер бөлімінен және басқа да мекемелерден құралған 8 команда қатысып, жеңімпаздар анықталды.

“Алаштың біртуар азаматы Сұлтанбек Қожанов атамыздың 125 жылдығына арналған турнир тікелей “Алпамыс батыр” қоғамдық қорының Президенті, белгілі меценат Бауыржан Оңғарбаев ағамыздың демеушілігімен өтіп жатыр. Өздеріңізге белгілі, С. Қожанов ұлтқа қызмет етудің жарқын үлігісін көрсеткен мемлекеттік қайраткер. Ұлтжандылығы мемлекетшілікпен ұласқан, мемлекетшілігі ұлтының рухына қызмет етуге жұмылдырылған ұлы тұлға халықтың жадынан мәңгілік орын алуға әбден лайық. Сондықтан да, бүгінгі спорттық іс-шарамызды жас мемлекеттік қызметкерлердің бойындағы отансүйгіштік сезімін арттырып, ұлтқа адал әрі жан-тәнімен қызмет етсін деген ниетпен өткізіп отырмыз” – деді “Бекет” газетінің бас редакторы Сафуан Утебаев.

Ойынның қорытындысы бойынша “Мақтаарал” футбол клубының ардагерлер командасы ІІІ орынды иеленсе, ІІ орынды Мақтаарал ауданының ішкі істер бөлімі жеңіп алды. Ал, турнирдің жүлделі І орнын Жетісай ауданы әкімдігінің құрама командасы иеленді. Сонымен қатар, жекелеген ойыншылар мен төрешілер түрлі номинациялар бойынша марапатталып, жеңімпаздар мен үздік ойын көрсеткендерге сый-сияпаттар табысталды.

Іс-шара барысында Мақтаарал ауданының құрметті азаматы Қасымбек Хаметов, “Нұр Отан” партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әділхан Асауов, Атакент ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Аязбек Егембердиев, Жетісай ауданы әкімі аппаратының басшысы Біржан Райымбеков “С.Қожановтың 125 жылдығы” мерекелік төсбелгісімен марапатталды.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған