“МАҚТААРАЛ” СОҢҒЫ РЕТ ОЙНАЙДЫ

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Атакент кентіндегі “Алпамыс батыр” стадионында “Мақтаарал” футбол клубының ұжымымен кездесті. Соңғы ойынның алдында өңір басшысы ойыншыларға сәттілік тілеп, жеңіске жетулері үшін қамшылады.

“Мақтаарал ауданы мақтасымен ғана емес, дамыған футбол индустриясымен де танымал болуы қажет. Республикамыздағы ауданнан шыққан жалғыз команда ретінде ел біріншілігінде бәсекелі ойын көрсетіп жүрген “Мақтаарал” футбол клубы мен бірнеше рет “Қазақстан чемпионы” атанған клубтың жасөспірімдер құрамасы осы салада ауданның потенциалы жоғары екенін көрсетіп тұр. Біз футболымызды да брендке айналдырып, әрбір мақтааралдық мақтанатындай деңгейге жетуге тиіспіз” – деді Бақыт Насырханұлы.

Жалпы ҚР-ның бірінші лига ойындарында өнер көрсетіп жүрген “Мақтаарал” футбол клубы биыл футбол маусымы алдында жоспар бойынша 4 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 24 ойыншымен команда жасақталды. Қазақстан футбол федерациясының бекіткен кестесіне сәйкес, ағымдағы жылдың 6-сәуір күні мақталы өлкенің командасы алғаш рет өз алаңында Талдықорған қаласының “Жетісу Б” командасын қабылдады.

Биылғы футбол маусымында жергілікті команда өз аланыңда жалпы саны 13 ойын өткізген екен. Оның ішінде 8 ойында жеңіспен, 5 ойында жеңіліспен аяқтаған. Сондай-ақ, сырт алаңда 12 ойын өткізген. Оның ішінде 5 ойында жеңіп, 2 ойында тең, тағы 5 ойында жеңіліс тапқан.

Қазіргі таңда турнирлік кесте бойынша “Мақтаарал” бесінші орында тұр. Әрине, бұл ауданнан шыққан команда үшін үлкен жетістік және бұл тәжірибелі жаттықтырушылар мен жоғары сапалы клуб менеджерлерінің арқасы екенін айта кету керек. Мақтааралдық футболшылар биыл жалпы саны 34 гол салған. Оның ішінде, сұрмергендердің көшін Бекнұр Рысқұл, Фаррух Шотурсунов, Абылайхан Махамбетов, Константин Задорожныйлар бастап тұр.

Айта кетейік, клубтың соңғы ойыны 3-ші қараша күні сырт алаңда Талдықорған қаласының “Жетісу Б” командасымен өтеді. Егер, жеңсе және тең нәтиже көрсетсе бесінші орынды сақтап қалмақ, жеңіліс тапса – футбол маусымын алтыншы орынмен аяқтайды.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған