Мен кенші болып жұмыс істеймін. Таяуда жұмыс берушім мен үшін өз қаражаты есебінен айлық табыстың 5 пайызы көлемінде Қорға міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударуы керектігін естідім. Мен жұмыс берушінің осы жарналарды Қорға дер кезінде аударып отырғандығын қалай білуіме болады?

Қазіргі уақытта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат алудың бірқатар ыңғайлы тәсілдерін ұсынады. Атап айтар болсақ, Сіз шотыңыздағы зейнетақы жинақтарыңыз туралы  ақпаратты:

– Қор кеңсесіне тікелей бару арқылы(Қордың 215 дербес қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді);

– пошта байланысы арқылы (үзіндіи көшірме салынған конверт әр жылдың басында салымшының Зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарты немесе жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтінішінде көрсетілген мекенжайына жолданады);

– электрондық пошта арқылы (зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат салымшының шот ашу туралы өтінішінде немесе хабарлау тәсілін өзгерту туралы келісімде көрсеткен электрондық поштасына (таңдауына қарай: ай сайын, үш ай сайын, жарты жылда бір рет) жолданады);

– интернет байланысы арқылы (логин мен құпиясөз немесе электрондық цифрлық қолтаңбанының (ЭЦҚ) көмегімен, enpf.kz сайтының «Жеке кабинет» бөлімі және ұялы телефонға жүктелген ENPF ұялы қосымшасы арқылы) ала аласыз.

Бұлардан басқа ЭЦҚ көмегімен e-gov.kzсайтының «Әлеуметтік қамтамасыз ету»-«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық кірістерін ескереотырып) жай-күйі туралы ақпарат беру» бөлімі арқылы да алуға мүмкіндік бар.

Әрине, осы тәсілдердің ішінде ең ыңғайлысы – интернет байланысы. Ол бүгінде салымшылар мен алушылар арасында кеңінен танымал. Өйткені ол шоттың жай-күйін кез келген уақытта, кез келген жерде жылдам алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қордың смартфондар мен планшеттерге арналған мобильді қосымшасын пайдалануға болады.

Ал егер шотыңыз бойынша ақпаратты Қор мамандарынан алғыңыз келсе, онда Қордың жергілікті бөлімшесіне жүгіне аласыз.

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары Қорға табыстар алынған айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірілмей Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен төленеді. Оның толық және уақтылы төленуін бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады.

Жұмыскер жалақы алғанына қарамастан жұмыс беруші уақытылы ұстап қалмаған және Қорға аудармаған міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын мемлекеттік кіріс органдары есептелген өсімпұлмен бірге өндіріп алады және Қорға аударуды жүзеге асырады. Бұдан басқа салық қызметі органдары жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешегі бар және оларды алты айдан астам уақыт бойы өтемей келе жатқан жұмыс берушілердің тізімін жариялап отырады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған