МАҚТААРАЛДА ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ КЕШ ӨТТІ

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында Мақтаарал ауданында салтанатты кеш өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков қатысып, айтулы мерекемен барша мақтааралдықтарды құттықтады.

“Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті халқымыздың татулығы мен бірлігінің, Отанымыздың өркендеп алға басуының басты шарты бола білді. Егеменді ел болған Қазақстан ширек ғасыр уақыт аралығында ұлттық бірліктің үлгілі модельіне айналды. Сіздерді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен тағы да құттықтай отырып, әрбір отбасыға амандық, баянды бақыт, мол қуаныш тілеймін. Қашан да тұғырымыз – тыныштық, тірлігіміз – тұрақтылық, тілегіміз татулық болсын!” – деді Бейсенбай Тасболатұлы.

Халыққа арнаған ізгі тілегінен соң аудан әкімінің орынбасары ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді үлес қосып жүрген құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді аудан әкімі Бақыт Асановтың алғыс хатымен марапаттады.

Салтанатты кеш барысында аудан өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, Елбасымыз туралы әндер шырқалды. Сондай-ақ, мереке аясында Тұңғыш Президенттің тарихы туралы көрме қойылып, жас ақындар жырдан шашу шашты.

Айта кетейік, мереке арналған іс-шаралар ауданға қарасты кенттер мен ауылдық округтердің барлығында өтіп жатыр.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған