ЖАҢА ЖЫЛ ЖАҚСЫЛЫҒЫМЕН КЕЛСІН!!!

Құрметті қазақстандықтар!
Қымбатты мақтааралдықтар!
Санаулы сағаттардан кейін күнтізбенің жаңа парағын ашып, 2020 жылды қарсы алғалы отырмыз. Жаңа жыл барша жұрт ізгі тілекпен, үкілі үмітпен, ақ ниетпен асыға күтетін айрықша мереке.Бұл күн болмыстағы бояудың барлығын үміттен, қуаныштан, махаббаттан алып, айналаға нұр болып шашылып, әр шаңыраққа шуақ болып тарайды. Қай-қайсымыз болсақ та осы мерекелік кештен келесі жаңа жылға дейін жүрегімізге есте қалатындай бір сезімді себелейміз. Ол сезім бізді жыл соңына дейін үмітпен жетелеп отырады.

Қадірлі жерлестер!
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен киелі Мақтаарал ауданы тарихи қалпына келтірілгеніне де 1,5 жылдан аса уақыт болыпты. Осы аралықта дамудан кешеуілдеген Мырзакент пен Атакент кенттерінің, ауданға қарасты 9 ауылдық округтің бойына қан жүгіріп, ауданымыз дамудың даңғыл жолына түсті.

Жаңа ауданда қарқынды жұмыстар басталып, ауданымыз күн санап көркейіп келеді. Биыл 11 айда Мақтаарал ауданының бюджеттік шығысы 45 миллиард 16 миллион теңгені, бюджеттің кірісі 865 миллион теңгені құрады. Жыл қорытындысымен бюджеттік шығыстар 100%-ға, ал бюджеттік кірістер артығымен орындалғалы тұр.

Ауданымызда ауыл шарушылығы саласы өсіп, өркендеп, дамып келеді. Ол үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар жасалып, осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, ауданымыздың еңбекқор диқандары биыл 100 мың тоннаға жуық мақта, 291 366 тонна бақша, 46 132 тонна көкөніс, 62 775 тонна мал азықтық дақылдарды, 234 тонна бидай, 667 тонна жеміс-жидек, 9 450 тонна күріш, 299 тонна маш, 957 тонна жүзім өндірген. Осылайша 2019 жылдың 11 айында ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өндірілген өнімнің көлемі 41 миллиардтан аса теңгені құрап отыр.

Кез келген ауданның, аймақтың, тіпті тұтас мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын көтеретін – ол кәсіпкерлік, оның ішінде өнеркәсіп саласы. Мақтаарал ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі 2018 жылы 6.5 миллиард теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш 9.3 миллиард теңгеге жетті. Ал, былтыр өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 5 миллиард теңгені құраса, биыл 5.6 миллиард теңгеге жетті.

Ауданымыз алып құрылыстың алаңына айналып үлгерді. Қазіргі таңда 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа жыл қарсаңында Мырзакент және Атакент кенттеріндегі жаңадан бой көтерген 250 орындық 2 емхана, сондай-ақ құрылысы аяқталған 300 орындық 2 мектеп және күрделі жөндеуден өтіп жатқан Абылайхан атындағы жалпы орта мектептің ғимараты пайдалануға берілгелі отыр. Сондай-ақ, бұған дейін Сәбит Мұқанов атындағы жалпы орта мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілген болатын.

Биыл 6 елді мекеннің ауыз су жүйелері толықтай жаңартылып, 21 елді мекенді газға қосу жұмыстары жүргізілді. 11 көшеге аяқжол салынып, 16 көшеге жарықтандыру жұмыстары жасалды.

Ағымдағы жылы аудандық маңызы бар 3 автокөлік жолдарына күрделі жөндеу жүргізіліп, 50 ішкі көшеге асфальт және 71 көшеге тас төсеу жұмыстары істелді.

Бұған дейін Сіздермен болған кездесулерімде ауданымызды абаттандыру бағытында фонтандар, гүлзарлар, жастардың қыдыруына, тұрғындардың серуендеуіне арналған орындар салу жөнінде айтылған болатын. Міне, бұл күнге де жеттік. Ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығы қарсаңында толықтай күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген Мырзакенттің орталық алаңына “Жастар гүлзары” деген атау берілді. Әсіресе, бұл демалыс орны жаз айларында тұрғындарымыздың игілігіне жарайтын болады.

Бұдан бөлек, Мақтаарал ауданының кіреберіс қақпасынан бастап Атакент пен Мырзакент кенттерін, М-39 “Ташкент-Термез” бағытындағы “Сапар”, “Достық” базарларының маңын абаттандыру, көркейту, көгалдандыру үшін тиісті қаржылар бөлініп, қазіргі таңда қызу жұмыстар жасалып жатыр. Міне, бірнеше күннен кейін жыл аяқталып, атқарылған жұмыстарды толық қорытындылайтын боламыз.

Қадірлі, жерлестер!
Босағамыздан аттағалы тұрған 2020 жыл да берекелі болады деп сенім білдіремін. Тарихи қалпына келген Мақтаарал ауданының экономикасын көтеріп, тұрғындардың әлеуетін арттыру жолында бірігіп еңбек етейік.

Сіздерді жаңа жылмен шын жүрегіммен құттықтаймын! Тышқан жылы әрбіріңіздің отбасыларыңызға бақыт, шаттық, қуаныш, құт-береке алып келсін!

Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Ауыз біршілігіміз берік болып, жарқын болашаққа деген сенім нық болсын!
Жаңа жыл — бірлік пен татулықтың жылы болсын! Әр отбасы үшін ырыс пен береке жылы болсын!!!

Асанов Бақыт Насырханұлы,
Мақтаарал ауданының әкімі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған