АУДАН БАСШЫСЫ АТАКЕНТТІКТЕРГЕ ЕСЕП БЕРДІ

Ел Президентінің Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Асанов Бақыт Насырханұлы Атакент кентінің тұрғындарына 2019 жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстары туралы есеп берді.

Ең алдымен есептік кездесуде 2019 жылы атқарылған жұмыстар туралы бейне-ролик көрсетілді. Мұнан соң аудан басшысы тұрғындардың алдына шығып, атқарылған жұмыстар туралы кең көлемде баяндама жасады. Жиын барысында округ тұрғындары көкейде жүрген мәселелі сұрақтарын қойып, аудан басшысы тарапынан қанағаттанарлық жауаптар алды.

Атакент кенті – аудан орталығы Мырзакент кентімен бірдей дамып жатқан ауданымыздың қаржы орталығы саналады. Өйткені, 9 жолдың торабында орналасқан кентте кәсіпкерлік саласы үлкен қарқынмен дамып келеді. Мәселен, 2019 жылы орта және шағын кәсіпкерлікті қолдаудың арқасында “Алтын сарай” демалыс кешені, “Заңғар” мейрамханасы, “Алтын” және “Орда-2” супермаркеттері, “Әсет” медициналық орталығы, “Береке” құрылыс материалдары дүкені, “Зета” тұрмыстық техникалар дүкені, 1 автобөлшек дүкені мен жүк көліктеріне арналған автотұрақ пайдалануға берілген. Міне, осы кәсіпкерлік нысандарының арқасында 100-ге жуық азаматтар тұрақты жұмыс орнымен қамтылған.

Кентте 2019 жылы 4 көшеге асфальт, 5 көшеге тас төселген. 6 көшеге жарықтандыру жұмыстары жасалып, 2 көшеге аяқ жол салынған. 3 балаларға арналған ойын алаңшалары да пайдалануға берілген. Сонымен қатар, “Атакент” кентінде 250 орындық емхананың құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілгелі отыр.

Кент аумағындағы 5 арнайы тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын алаңшаларға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атакент кентін көркейту, көгалдандыру жұмыстары бойынша 2850 әртүрлі ағаш көшеттері егілген. 2020 жылы “Шығыс коллекторы” сбросының күн шығыс жағындағы көшелерге бюджеттен 300 миллион теңге қаражат бөлініп, ауыз су жүйелері жаңартылатын болады.

Айта кетейік, есептік жиын барысында Атакент кентінің тұрғындары негізінен жол, аяқжол, ауыз су мәселелерін көтерді. Аудан әкімі тұщымды жауабымен жиынға қатысушылардың көңілінен шығып, тұрғындар тарапынан “жақсы” деген баға алды.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған