МАҚТААРАЛДЫҢ ӘКІМІ “ҚАМҚОРЛЫҚ” ЖАСАУДЫ ЖАЛҒАСТЫРЫП ЖАТЫР

Мақтаарал ауданында “Қамқорлық” бағдарламасы аясында 60 отбасының тізімі жасақталып, әр отбасыға арнайы кураторлар бекітілген. Қазіргі таңда тізімдегі отбасылардың жағдайын өз көзімен көру мақсатында аудан әкімі Бақыт Асанов елді мекендерді аралап жүр.

Ең алдымен Бақыт Насырханұлы Атакент кентінде тұратын Салимбаевтар отбасына барды. Отағасы Сейдахмет Салимбаев пен отанасы Назигуль Салимбаева 6 баланы тәрбиелеп отыр. Екеуі де жұмыссыз. Баспаналары да жоқ, жалдамалы пәтерде тұрып жатыр.

Аталған отбасыны кедейшіліктен құтқару үшін аудан әкімі тиісті бөлім басшыларына нақты міндеттер жүктеп, хаттамалық тапырмалар берді. Атап айтқанда, отағасы мен отанасын тұрақты жұмыс орнына орналастыру немесе отбаслық кәсіптерін бастауға көмек беру керектігін айтты.

Мұнан соң өңір басшысы Мақтаарал ауылдық округі Игілік ауылында тұратын Батыровтар отбасына барды. Қуаныш Батыров пен Гүлнұр Батырова да 6 баланы тәрбиелеп отыр. Қазіргі таңда округ әкімдігінің қолдауымен отағасы жылыжайға жұмысқа орналасып, күнделікті нәпақасын тауып отыр екен.

Күміс алқа иегері тұрып жатқан баспанасының апатты жағдайда екеніне шағымданды. Былтыр аудандық төтенше жағдайлар комиссиясының оң қорытындысымен Г.Батыроваға 250 мың теңге көлемінде үйін жөндеуге жәрдемақы төленген. Алайда, үйі жөндеуге келмегендіктен, ол қаржыға жаңа үйдің іргетасын қалапты. Енді құрылыс жұмыстарын әрі қарай жалғастыру үшін көмекке мұқтаж. Батыровтардың жағдайымен танысқан аудан басшысы демеушілер ұйымдастырып, құрылыс материалдарын алып беру үшін округ әкімдігіне тапсырма берді.

Аудан әкімінің соңғы барған жері – Мырзакент кентінде тұратын Тәжібаевтар жанұясы. Аралбай Тәжібаев пен Сәуле Кулчаева 7 баланы бағып-қағып отыр. Отағасының тұрақты жұмысы жоқ. Бұл отбасының да тұрып жатқан баспаналары апатты жағдайда екен.

Көп балалы аналармен сұхбаттасқан аудан басшысы аталған отбасылар аяққа тұрып кеткенше өзінің бақылауында болатынын айтып, әкімдік тарапынан тиісті көмектер берілетінін ескертті.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған