“24 хабар” телеарнасының “Әкім” бағдарламасында көрсетілген Мақтаарал ауданына қатысты сыни мәліметтер бойынша АҚПАРАТТЫҚ АНЫҚТАМА

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен киелі Мақтаарал ауданы тарихи қалпына келтірілгеніне енді ғана 1,5 жылдан асты. 2018 жылдың шілдесінен бастап Жетісай қаласынан аудан орталығы болған Мырзакент кентіне аудан әкімі аппараты мен дербес бөлімдер, тағы басқа мемлекеттік мекемелер көшіп барып, Мақтаарал ауданының жаңа тарихи кезеңі басталды.

Ауданымыздың орталығы Мырзакент кентінде көптеген ғимараттар мен нысандардың тозығы жеткен болатын. Дегенмен, бүгінгі таңда үлкен қарқынмен құрылыс жұмыстары басталып, барлығы да қайта қалпына келтірілуде. Сол сияқты Мырзакент кентінің орталық саябағының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, экспертизаға берілген. Қаржы бөлінген жағдайда орталық саябақ күрделі жөндеуден өтетін болады.

Бағдарламада көрсетілген Иіржар ауылдық округі Иіржар ауылында орналасқан 2 қабатты ескі ғимаратты иесіз мүлік ретінде тіркеу үшін  Иіржар ауылдық округі әкімінің аппараты тарапынан Әділет басқармасына хат жолданған. Қазіргі таңда 3 отбасы, атап айтқанда Сайповтар, Джалназаровтар, Матовтардың отбасылары тұрақты баспаналары болмағандықтан, аталған ғимаратты уақытша тұрып жатыр.

3 отбасының 2-еуінің әлеуметтік жағдайы төмен. Сайповтар отбасы 2019 жылы жалпы 602 000 теңге, Джалназаровтар отбасы 501 000 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып, екі отбасы да биыл қайтадан құжат тапсырған. Ал, Матовтар отбасына 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап “Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудің ережесін бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі №237-ө бұйрығына өзгерістер енгізілуіне байланысты отбасы мүшелерінің жан басына шаққандағы табысы белгіленген критерий мөлшерінен асып кетуіне байланысты АӘК төленбеген. Жалпы 3 отбасыға да аудан әкімдігі тарапынан түрлі әлеуметтік көмектер беріліп келеді. Атап айтқанда, азық-түлікпен қамтамасыз етіліп, жылу беру маусымына орай қатты отын (көмір) және де тұрып жатқан баспаналарына қажетті құрылыс материалдары үлестірілген.

“Мақтаарал ауданы әкімі аппараты” мемлекеттік мекемесінің ғимараты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 28 тамыздағы №876 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының террористік тұрғыдан осал объектілерінің тізбесіне кіреді.

“Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы” Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі Заңының 10-3 бабына сәйкес террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иелері (лауазымды адамдары) террористік әрекеттің алдын алу, сондай-ақ объектілерді терроризмге қарсы қорғау және олардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде сақтау мақсатында тиісті өткізу режимін қамтамасыз етуге міндетті. Осыған орай аудан әкімдігінің ғимаратының кіреберісіне қоршау жасалып, турникет орнатылған. Сондай-ақ, күзет қызметімен қамтамасыз етілген.

Тиісті өткізу режимін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иелерімен, иеленушілерімен немесе басшыларымен күзет қызметтерiн көрсету туралы шарт жасасқан күзет қызметінің субъектілері де орындайды.

“Бұқаралық ақпарат туралы”  Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңының 20 бабының 2)тармақшасына сәйкес журналистің куәлігін көрсету арқылы мемлекеттiк органдарға, барлық меншiк нысандарындағы ұйымдарға баруына және өзiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн жүзеге асыруға байланысты олардың лауазымды адамдардың қабылдауында болуға құқығы бар болса, осы Заңның 21 бабының 4)тармақшасына сәйкес журналист жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерiн құрметтеуге міндетті.

Алайда 10.01.2020 күні сағат 18:30 шамасына “Мақтаарал ауданы әкімі аппараты” ММ-нің ғимаратына келген “Хабар 24” телеарнасының “Әкім” бағдарламасының жүргізушісі Ақбөпе Тәңірберген күзетшілерге де, аудан әкімінің баспасөз хатшысы мен аудан әкімінің кеңесшісіне де журналистік куәлігін көрсетпеген және бейне түсірілімге рұқсат сұрамаған. Дегенмен, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Д.Аязбековке мемлекеттік қызметшілердің әдебін сақтау жөнінде қатаң түрде ескертілді.

Өз кезегінде  “Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы” Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы Заңының 13 бабының 1)тармағына сәйкес мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының басшылары және олардың орынбасарлары айына кемiнде бiр рет тиiстi мемлекеттiк органның басшысы бекiтетiн қабылдау кестесiне сәйкес азаматтарды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн, оның iшiнде осы органдардың қызметкерлерiн жеке қабылдауды жүргiзуге мiндеттi.

Осыған байланысты әкімшілік ғимараттың кіре берісінде аудан әкімі Бақыт Асановтың бекітілген жеке және заңды тұлғаларды жеке қабылдау кестесі орнатылған. Кестеге сәйкес аудан әкімінің жеке қабылдауы әр аптаның сәрсенбі күндері сағат 16:00-ден 18:00 аралығында жүргізіледі.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жергілікті билік органдары халыққа қол жетімді болуы тиіс” деп атап көрсеткені – мемлекеттік органдар есіктерін айқара ашып қоюы керек дегені емес. Керісінше, мемлекет басшысы әкімдердің халыққа тиімді, сапалы қызмет етуін назарға алып отыр. Ал, Мақтаарал ауданында атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты өткізілген есептік кездесулер мен әлеуметтік желілерде халық өз бағаларын беруде.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған