МАҚТААРАЛДА ЖЫЛЫНА 2-3 РЕТ ӨНІМ АЛУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ ҚАЗІРДІҢ ӨЗІНДЕ 238 ГЕКТАР ЖЕРГЕ ЕНГІЗІЛДІ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев егістік алқаптан жылына 2-3 рет өнім алу инновациялық технологиясын әрбір ауылдық округке енгізу бойынша тапсырма берген болатын.

Облыс басшысының тапсырмасын орындау мақсатында аудан әкімінің орынбасары Сәкен Сұлтанханов және аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалым Дүйсенбековтар тарапынан шаруаларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қазірдің өзінде аталған технология 238 гектар жерге енгізіліп отыр.

Мақтааралдық жер емген шаруалар жылына 2-3 рет өнім алу инновациялық технологиясын ендіру бойынша аймақта көшбасшы десек те болады. Қаңтардың қақ ортасынан диқаншылықты бастап жіберген шаруаларымыз қазірдің өзінде 230 гектар жерге қырыққабат, 8 гектар жерге қызылша еккен. Сондай-ақ, бұл көрсеткіш ерте көктемге дейін арта беретін болады.

Жалпы қырыққабат дақылы ерте пісетіндіктен, мақтааралдық диқандар оның соңынан қауын-қарбыз, мақта сияқты т.б. дақылдар егуге кіріседі. Осылайша жер емген шаруалар 1 жылда екі рет, тіпті үш рет өнім алады. Былтыр сәуір айында алғашқы өнімін алған диқандар республиканың бірнеше облысын және Ресей Федерациясын қырыққабатпен, қауын-қарбызбен және басқа да көкөніс өнімдерімен қамтамасыз еткен болатын.

Мақтааралдық диқандар негізінен салмағы 1-1,5 келіден аспайтын қырыққабаттың пандион, ринда, фарао сұрыптарын отырғызуда. Ерте пісетін өнім түріне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс көп.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданында 2019 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 43,2 миллиард теңгеге жеткен болатын. Бұл жетістіктерге шаруаларымыз жаңа технологияларды енгізудің арқасында жетіп отыр.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған