МАҚТААРАЛДА КЕПІЛДЕНДІРІЛГЕН ӘЛЕУМЕТТІК ПАКЕТТЕР ТАРАТЫЛЫП ЖАТЫР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған “Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Жолдауында ашықтықты, әділеттікті және еңбекке ынталандыруды қамтамасыз ете отырып, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тетігін түзетуді тапсырған болатын. Осыған байланысты Үкімет 2020 жылдан бастап әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа механизмдерін енгізді. Бүгінде мақтааралдықтар жаңа атаулы әлеуметтік көмекті алып жатыр.

Жалпы атаулы әлеуметтік көмек соңғы өзгерістер бойынша әр тоқсан сайын тағайындалып, тиісті көлемде беріліп жатыр. Негізгі өзгерістердің бірі – кепілдендірілген әлеуметтік пакет. Бұл әлеуметтік топтама тек атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған.

Кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің екі түрі бар, олар баланың жасына байланысты. Мәселен, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін азық-түлік тауарлары мен тұрмыстық химия тауарлары қарастырылған.

Азық-түлік тауарлары түрлі жарма, пюре, шырын, сүт және т.б. қамтиды. Бұл азық-түлік өнімдерін темір мен басқа да дәрумендердің, минералдардың жетіспеушілігін ескере отырып Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған. Азық-түлік жиынтығын балалар ай сайын алатын болады. Сондай-ақ, тіс пастасын, балаларға арналған щетка, кір жуатын ұнтақ, сабын сияқты тұрмыстық химия тауарлары тоқсанына бір рет ұсынылады. Әр балаға бір пакеттен беріледі.

6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін ыстық тамақ, мектеп киімдері мен оқу құралдарын сатып алу, жол жүру шығындарын өтеу, сондай-ақ тегін медициналық қызмет көрсету қарастырылған. Мектеп жасындағы балаларға әлеуметтік топтама оқу жылының соңына дейін мектеп тарапынан беріледі. Ал азық-түлік жиынтығы мен химиялық тауарлар жергілікті атқарушы органдар арқылы үлестіріледі.

Айта кетейік, 2020 жылдың І тоқсанында Мақтаарал ауданында 1859 отбасыға АӘК тағайындалған. Осы отбасылардан шыққан 1-6 жас аралығындағы 1843 балаға кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер таратылып жатыр. Сондай-ақ, 6-18 жас аралығындағы 3 мыңнан аса бала ыстық тамақпен қамтылатын болады.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған