МАҚТААРАЛДА ОБСЕРВАЦИЯЛЫҚ 100 ТӨСЕК ОРНЫ ДАЙЫНДАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде төтенше жағдай жариялаған күннен бастап Мақтаарал ауданында Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі арнайы комиссия құрылып, коронавирустан сақтану шараларын бастап кетті.

Комиссияның төрағасы, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың тапсырмасымен кеше обсервациялық бақылау бойынша 100 төсек орны дайындалып, медицина қызметкерлері кез келген жағдайға дайын тұр. Бұдан бөлек, аудандық полиция бөлімі тарапынан ауданның кіреберісіне өткізу постын қойып, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан келіп жатқан автобустар мен жеңіл көліктер бақылауға алынды. Постта медицина қызметкерлері жолаушылардың дене қызуын тексерістен өткізіп жатыр.

Жалпы өңірде пандемияға қарсы кешенді қауіпсіздік шаралары талапқа сай жүзеге асуда. Аудан аумағында инфекцияның таралуына жол бермеу үшін жоғары деңгейдегі дайындық режимі енгізілді. Барлық жұмыс орындарында қызметкерлердің дене температурасын өлшей отырып, қызуы көтерілген жағдайда, міндетті түрде жұмыстан шеттетілуде.

Ауданымыздағы 56 мектептің барлығы жабылды. Мектептен тыс қосымша білім беру мекемелері – аула клубтары, үйірмелер, компьютерлік клубтар да жұмысын тоқтатты. Жергілікті жерлерде ірі сауда орындары мен ойын-сауық орталықтары, мәдениет үйі, стадион және өзге де адам көп шоғырланатын орындар қызметтерін тоқтатты. Базарларда санитарлық қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, жұмыс уақыты 11:00-17:00 аралығында шектелді. Ал, кафелер мен шағын асханалар қысқартылған жұмыс режиміне көшіп, келушілер санын 50 адамнан асырмауда.

Коронавирус қаупіне қатысты мерекелік, спорттық, мәдени іс-шаралармен қатар, отбасылық тойлар мен адам көп жиналатын еске алу шараларына қатаң тыйым салынды. Аудандық полиция бөлімі тарапынан ауданымызадғы әрбір елді мекенде кезекшілік қойылып, той мен жиын жасаған адамдарға айыппұл салу шаралары жүріп жатыр. Аудандағы барлық қоғамдық орындарда, мекемелерде, қоғамдық көліктерде жүйелі түрде санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүзеге асуда.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру ісі де аудан әкімінің назарында тұр. Сондай-ақ, барлық медициналық ұйымдарға коронавирусқа қарсы шараларды күшейту тапсырылды.

Мақтаарал ауданының аумағында 1 кеден бекеті және бекетке қарасты 2 бақылау-өткізу пункттері орналасқан. Кеден бекеті мен өткізу пункттері тепловизорлар және пирометрлермен жабдықталған. Әрбір бекетте Мақтаарал аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары тәуліктік кестеге сәйкес кезекшілік етуде.

Айта кетейік, кеден бекеттерінен Өзбекстаннан Қазақстанға тек қана қазақстандық азаматтар ғана өте алады.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған