КОРОНАВИРУСТЫ БІРЛІГІМІЗДІҢ АРҚАСЫНДА ЖЕҢЕТІН БОЛАМЫЗ!

Құрметті қазақстандықтар!
Қадірменді мақтааралдықтар!
Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Наурыз мейрамы ежелден жаңару мен жасампаздықтың, ырыс пен берекенің арқауы болған. Ұлыстың ұлы күні – көңілде кірбің қалмай қауышатын, түсіністікпен табысатын күн. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін Табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз жыл сайын Наурызды кең көлемде қарсы алып келеді.

Өкінішке орай, биыл осындай ұлық мейрамымызды өз деңгейінде атап өте алмадық. Өздеріңізге белгілі, бүкіл әлемге қауіп төндірген пандемия Қазақстанға да жетіп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда Төтенше жағдай жариялады.

Елімізде адам өмірінен асқан құндылық жоқ. Сондықтан, Мақтаарал ауданында Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі арнайы комиссия құрылып, коронавирустан сақтану шараларын бастап кетті. Менің тапсырмаммен обсервациялық бақылау бойынша 100 төсек орны дайындалып, медицина қызметкерлері кез келген жағдайға дайын тұр. Бұдан бөлек, аудандық полиция бөлімі тарапынан ауданның кіреберісіне блогпост қойылып, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан келіп жатқан автобустар мен жеңіл көліктер бақылауға алынды. Постта медицина қызметкерлері жолаушылардың дене қызуын тексерістен өткізіп жатыр. Қазірге дейін ауданымызда қауіпті індет тіркелген жоқ.

Жалпы аудан аумағында инфекцияның таралуына жол бермеу үшін жоғары деңгейдегі дайындық режимі енгізілді. Барлық жұмыс орындарында қызметкерлердің дене температурасын өлшей отырып, қызуы көтерілген жағдайда, міндетті түрде жұмыстан шеттетілуде.

Ауданымыздағы білім ұяларының барлығы жабылды. Мектептен тыс қосымша білім беру мекемелері – аула клубтары, үйірмелер, компьютерлік клубтардың есігі тарс жабылды. Жергілікті жерлерде тойханалар, ірі сауда орындары мен ойын-сауық орталықтары, мәдениет үйі, стадион және өзге де адам көп шоғырланатын орындар қызметтерін мүлде тоқтатты. Базарларда санитарлық қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, жұмыс уақыты 11:00-17:00 аралығында шектелді. Ал, кафелер мен шағын асханалар қысқартылған жұмыс режиміне көшіп, келушілер санын 50 адамнан асырмауда.

Коронавирус қаупіне қатысты мерекелік, спорттық, мәдени іс-шаралармен қатар, отбасылық тойлар мен адам көп жиналатын еске алу шараларына қатаң тыйым салынды. Аудандық полиция бөлімі тарапынан ауданымыздағы әрбір елді мекенде кезекшілік қойылып, той мен жиын жасаған адамдарға айыппұл салу шаралары жүріп жатыр. Аудандағы барлық қоғамдық орындарда, мекемелерде, қоғамдық көліктерде жүйелі түрде эпидемияға қарсы санитарлық іс-шаралар жүзеге асуда.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру ісі де менің бақылауымда тұр. Аудан аумағындағы шекара бекеттері де жабылды. Сондай-ақ, барлық медициналық ұйымдарға коронавирусқа қарсы шараларды күшейтуді қатаң түрде тапсырғанмын.

Құрметті жерлестер!
Бүгінде шетелдіктер Қазақстанды татулық пен келісімнің бесігі деп айтады. “Бір елі, бір тағдыры, бір мақсаты” бар халықтың бірлігі мен берекесінен асқан ешнәрсе жоқ. Біз, бүгінгі ұрпақ, ұлттық мұраларымызды сақтай отырып, ата-бабаларымыздың дәстүрлерін құрметтеп, оны одан әрі дамыта беретін боламыз.

Біз бірлігімізді, төзімділігімізді, имандылық пен қайырымдылығымызды көрсете отырып, еліміздің басына түскен бұл қауіпті індетті жеңіп шығатынымзға сенемін. Сондықтан, құзырлы органдардың, медицина қызметкерлерінің заңды талаптарын орындап, Сіздерді үрейге бой алдырмауға шақырамын!

Ұлыстың Ұлы күні отбасыларыңызға береке мен бірлік, елімізге ырыс пен ынтымақ, тыныштық пен жақсылық әкелсін!

Ақ мол болсын, жыл жемісті болсын, жерлестер!

 

Ізгі ниетпен,
Мақтаарал ауданының әкімі
АСАНОВ БАҚЫТ НАСЫРХАНҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған