ҮКІМЕТТІК КОМИССИЯ МАҚТААРАЛҒА КЕЗЕКТІ РЕТ КЕЛДІ

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына келді. Ең алдымен Роман Скляр Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге Өргебас ауылына ат басын бұрып, ондағы үйлерді судан тазарту жұмыстарының барысымен танысты.

Естеріңізге сала кетейік, таяуда Мақтаарал ауданындағы орын алған төтенше жағдайға байланысты арнайы үкіметтік комиссия құрылған болатын. Оны бүгінде премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр басқарады. Аталған комиссия қазіргі таңда аудандағы топан судан келген барлық шығындарды есептеу жұмыстарын жүргізуде.

Үкіметтік комиссия төрағасы мұнан соң Фирдауси ауылына барды. Ондағы су тарту, үй аулалары мен көше бойларын тазарту жұмыстарымен танысты. Бүгінде мұнда топан су құрсауында қалып, қабырғалары құлаған үйлерді бұзу жұмыстары да қыза түскен. Сонымен қатар ауылда инженерлік, көлік, әлеуметтік инфрақұрылымдар ретке келтірілуде.

Мұнан соң премьер-министрдің орынбасары Мырзакент маңындағы 70 гектар аймақтағы жаңа мөлтек ауданның құрылыс жұмыстарын аралап көрді. Жаңа шағын ауданның құрылысына 32 мердігерлік ұйым тартылған, 313 үйде құрылыс жұмыстары басталды. Құрылыс алаңында 900-ге жуық құрылысшы мен 70 арнайы техника құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Осындағы мердігер компания басшыларымен кездескен премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр салынып жатқан үйлердің сапасына мән беріп, межеленген мерзімде бітіруді тапсырды.

Сапар барысында премьер-министрдің орынбасары облыстық штабта үкіметтік комиссияның отырысына қатысты. Жиында Мақтаарал ауданындағы топан су құрсауында қалған ауылдардағы төтенше жағдайдың зардаптарын жою жұмыстарының барысы талқыланды. Отырысты қорытқан Р. Скляр мақтааралдық тұрғындарға өтемақы төлеу жұмыстарын жеделдетуді және топан су зардаптарын жою жұмыстарын сапалы аяқтауды тапсырды.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялық қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған