МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДАҒЫ СУ БАСҚАН ӨРГЕБАС АУЫЛЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Мақтаарал ауданындағы су басқан Өргебас ауылын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Елді мекендегі 195 үйдің 184-і 17 миллион теңге өтемақыны алу үшін келісім-шартқа тұрған.

Келісім-шарт бойынша 184 үйдің 182-не 17 миллион теңгенің 50%-ы аударылып, тұрғындардың басым бөлігі құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Қазіргі таңда 66 үйдің іргетасы қалануда және 8 үйдің қабырғасы өрілуде. Сонымен қатар, 1 үйдің шатыры жабылғалы тұр.

Бұдан бөлек, 50 үйдің құрылыс алаңы дайындалып, құрылыс жұмыстарын бастау үшін ретке келтірілген. Осы уақытқа дейін ауылда 130 үйге бұзу жұмыстары жасалған.

Жалпы 175 құрылысшы 17 ұжымға бірігіп, құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Өзбекстан Республикасы тарапынан өргебастықтарға 3 экскаватор, 1 камаз бен 30 адам көмек беріп жатыр.

Айта кетейік, Өргебас ауылы 1971 жылы құрылған. Елді мекеннің жер көлемі 1256 гектарды, оның ішінде егістік жердің көлемі 1203 гектарды құрайды. 1451 тұрғыны бар.

Ауылда 1 мектеп, 2 балабақша, 1 медицина пункті мен 1 полиция пункті бар. Сонымен қатар, 155 шаруа қожалығы, 1 мал бордақылау алаңы, 3 сауда нүктесі мен 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс жасайды.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған