ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖҰРТШЫЛЫҒЫ ОРНЫ ТОЛМАС ҚАЗАҒА ДУШАР БОЛДЫ

2020 жылдың 25 маусымында Түркістан облысының жұртшылығы орны толмас қазаға душар болды. 69 жасында «Қазақстанның еңбек сінірген қайраткері» Түркістан облысының және Жетісай ауданының Құрметті азаматы Үмбетаев Ибадулла ағамыз дүниеден озды.

Үмбетаев Ибадулла 1951 жылы сәуірдің 15 жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Интернационал елді мекенінде туылды.

1972 жылы Қазақ Мемлекеттік ауылшаруашылық институтының агрономия факультетін бітіріп, ғалым агроном мамандығын алып шықты. 1978 жылы Бүкілодақтық мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (СоюзНИХИ) аспирантурасын, 1999 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет Академиясы курсын бітірді, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, «Нұр Отан» партиясының Мақтаарал аудандық филиалы Саяси Кеңесінің мүшесі.

И.Үмбетаев еңбек жолын 1972 жылы Бүкілодақтық мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (СоюзНИХИ) Оңтүстік Қазақстан облысы Мақта шаруашылығы тәжірибе станциясында лаборанттың жұмысынан бастап, ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі қызметтерін атқарды.

1979-1987 жылдары Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы, Жетісай аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, Ленин атындағы совхоздың директоры. 1987-1989 жылдары Келес аудандық агроөнеркәсіптік бірлестігінің төрағасы. Шымкент облыстық агроөнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары қызметтерінде болды.

1989-1990 жылдары Бөген аудандық атқару комитетінің төрағасы. 1990-1991 жылдары Шымкент облыстық агроөнеркәсіп комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.

1991-1992 жылдары Шымкент облыстық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары (ауыл шаруашылығы кешені бойынша). 1992-1997 жылдары Жетісай ауданының Әкімі. 1997 жылы Мақтаарал аудандық су шаруашылығы басқармасының бастығы болды.

1997-1999 жылдары іріленген Мақтаарал ауданының әкімі. 1999 жылдың қыркүйек айынан бастап ҚР Білім және ғылым министрілігінің, 2002 жылдың маусым айынан ҚР АШМ Мақтаарал ауылшаруашылық тәжірибе станциясының директоры. 2006 жылдың ақпан айынан бастап ҚР АШМ «КазАгроИнновация» АҚ Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры. 2016 жылғы қаңтар айынан ҚР АШМ «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» Коммерциялық емес АҚ «Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» бас директоры.Екі шақырылымдағы аудандық мәслихаттың депутаты.

И. Үмбетаев ғылыми салада үлкен ұйымдастырушылық жұмыстарын ғылыми-зерттеулермен шебер ұштастырып, мақта саласын зерттеуде қажырлы еңбек етіп келді. Өз жұмысын жақсы білетін ғалым ұстаз ретінде, шебер ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде елге танылған азамат.

ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, Оксфорд академиялық одағының мүшесі, ҚР АШМ А.Бараев атындағы сыйлықтың және алтын медалінің иегері.

Ол абыройлы еңбегі арқылы көпке үлгі болып, өмірлік тәжірибесі мен еліне жасаған қалтқысыз қызметінің арқасында белгілі тұлғаға айналды. Үмбетаев Ибадулла өзінің артына өшпес, мейірімге толы ізгі іс қалдырды.
Бүкіл саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнаған ардақты жанның жарқын бейнесі жүрегімізде ұзақ сақталады.
Ибадулла Үмбетаевтың өмірден өтуіне байланысты оның отбасына, ағайын-туыстары мен ұрпақтарына, облыс жұртшылығына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз.

 

Қ.Балабиев, Б.Асанов, Қ.Сарсекбаев, Д.Асабаев,

Ә.Асауов, Б.Төребеков, М.Ердешов, С.Сұлтанханов,

Н.Саттаров, Е.Салиев, С.Мелдеханов, С.Оңғаров.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған