МАҚТААРАЛДЫҢ ӘКІМІ ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ХАЛЫҚПЕН АШЫҚ ТІЛДЕСТІ

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов фейзбук әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирге шығып, аудандағы коронавирус және пневмония індетімен күрес бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Сондай-ақ, тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап беріп, халықпен ашық сұхбаттасты.

Аудан әкімінің айтуынша, бүгінгі күні аудандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталып, науқастанушылық деңгейі біршама төмендегені байқалыпты. Осы уақытқа дейін ауданында коронавирус ауруы 35 адамда, пневмония 378 адамда анықталған.

Қазіргі таңда ауруханалар мен емханаларда төсек-орын, дәрі-дәрмек жетіспеушілігі туындаған жоқ. Науқастар жасанды тыныс алу үшін оттегі баллондарымен, медицина қызметкерлері жеке қорғаныш заттарымен толық қамтамасыз етілген.

Ауданда жалпы 23 дәріхана бар. Бүгінгі таңда оның 21 қызмет көрсетсе,16 дәріханамен белгіленген дәрі-дәрмектердің бағасын тұрақтандыру мақсатында меморандумдар түзілген. Дәрі-дәрмектердің бағалары тұрақты бақыланып, бетперделер мен антисептиктер жеткілікті көлемде сатылуда.

Күнделікті дәрі-дәрмек сату кезінде адамдар арасында әлеуметтік арақашықтықты ұстау, дәріханаларға кірер орындарға антисептиктер қою, маскалық режимде болу және қазіргі уақытта таралып жатқан “COVID-19” індетіне қарсы керекті дәрі-дәрмектердің тізімін дәріханалардың алдына ілінуі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Ауданда тұңғыш рет “Жастар ресурстық орталығы” КММ-сі және еріктілердің ұйымдастыруымен тегін дәрі-дәрмек тарататын дәріхана ашу қолға алынды. Қазір дәріхананы дәрі-дәрмекпен толтыру бойынша тиісті жұмыстар жасалуда.

Халық көп шоғырланатын орындарда дезинфекциялау жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Бүгінгі таңда кенттер мен ауылдық округ аумақтарындағы көшелер мен көп қабатты үйлердің подъездері, аулалары күніне 1 рет залалсыздандырылуда. Қазіргі уақытта дезинфекциялық препараттардың қоры жеткілікті деңгейде.

Ауданымыздың кәсіпкерлері мен жомарт азаматтары осындай қиын кезеңде халықпен бірге екендерін көрсетіп жатыр. Мәселен, жергілікті кәсіпкер “Аташ-групп” ЖШС-ның директоры Аташов Исабай Серікбайұлы аудандық ауруханаларға 4 оттегі концентраторын сыйға тартты. Сонымен қатар, ауданның жас кәсіпкерлері атынан Қанат Мырзахметов 7 оттегі концентраторын, “Қазақ-Инженеринг” ЖШС-і 10 оттегі концентраторын, одан басқа демеушілік жәрдеммен 4 жылжымалы жасанды өкпені желдендіру, 130 мұрын шанышқысы, 20 бетперде щиты және 20 пульсоксиметр берілген.

Ауданда 2 базар мен 17 тойхана уақытша жұмысын тоқтатты. Барлық қоғамдық тамақтану орындары – асханалар, кафе, ресторан, азық-түлік дүкендері, базарлар, құрылыс дүкендері, шаштараз, моншалардың тізімідері жасақталып, Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық және күшейтілген дезинфекциялық режимді сақтау керектігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тойлар, құдалық, ас беру, еске алу сияқты т.б. көпшілік іс-шаралардың өткізілуі мүлде тоқтатылып, рейдтік жұмыстар мобильді топтар және аудандық полициямен күнделікті жүргізілуде.

Төтенше жағдай кезінде 21 әкімшілік-құқық бұзушылық істері сотқа жолданған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.

Айта кетейік, жауап берілмеген немесе кейіннен қойылған сұрақтар болса, аудан әкімдігінің парақшасы атынан міндетті түрде жауап беретін боламыз.

Тікелей эфирдің сілтемесі:
https://www.facebook.com/maktaralbaspasoz/videos/667663620453756/

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған