ЕЛІМІЗ, ЕЛДІГІМІЗ МӘҢГІ ӨШПЕСІН!

Құрметті мақтааралдықтар!
Қадірменді жерлестер!!!
Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция екені даусыз. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі.

1995 жылдың 30 тамызы ҚР-ның Конституциясы қабылданып, ел тарихында алтын әріппен жазылған күнді бүгін 25-ші рет мерекелеудеміз.

Конституциямызда Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi ретінде қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу белгіленді.

Ата Заңымызды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде Отанымыздың бірлігі нығайып, елде тұрақтылық пен татулық орнықты.

Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырды. Ал, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп айқындалды.

Мемлекетіміз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан әлеуметті елге айналды. Ортақ шаңырағымыздың шекарасы шегеленіп, іргесі мызғымастай бекіді. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Еуразияның жүрегіне орналасқан Елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды.

Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан Қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды.

Халық өзі қабылдаған заңын құрметтеп, қастерлеуі керек. Заң жақсы жұмыс істеу үшін, оны бұлжытпай орындау күнделікті дағдыға, әдетке айналуы керек. Біздің Ата Заңымыз дүниежүзіндегі ең жас Конституциялардың бірі. Негізгі Заңға құрметпен, құнттылықпен қарау – біздің ортақ парызымыз.

Өркендеп дамуымыздың басты құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылдаған Ата Заңды құрметтеу біздің негізгі міндетіміз. Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің негізгі заңының асқақ рухы мен маңызын, Конституцияны қалыптастыру тарихын жақсы білуі керек.

Конституцияны құрметтеу және сақтау арқылы және оның тарихы мен маңызын білуімізбен ғана біз өз елімізді, Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз. Міне, 30 тамыз – Конституция күнін мерекелейдің маңыздылығы осында.

Құрметті жерлестер!
Біздің барлық жетістіктеріміз халқымызды ұйыстырған Конституциямызыдң арқасы деп білемін. Сондықтан, Ата Заңымыздың 25 жылдық мерекесі аясында Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, бітпес бақ-дәулет тілеймін!

Еліміз, елдігіміз мәңгі өшпесін!!!

Құрметпен,
Мақтаарал ауданының әкімі
Асанов Бақыт Насырханұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған