МАҚТААРАЛДА ОНЛАЙН РЕЖИМДЕ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ

Мақтаарал ауданында онлайн режимде дәстүрлі “Тамыз кеңесі-2020” іс-шарасы өтті. “Білім және ғылым: қашықтан оқытудың ерекшеліктері” атты аудандық кеңеске аудан әкімі Бақыт Асанов қатысып, білім саласының қызметкерлерін жаңа оқу жылымен құттықтады.

“Сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Дәстүрге айналған Тамыз конференциясы – ұстаздар қауымы бас қосатын маңызды жиын. Бүгінгі күні – білім беру мазмұнына, оқушы тұлғасы мен педагог қызметіне деген көзқарастар өзгерген кезең. Білім беру ісі – бұл тамыры тереңде жатқан, ұлт пен дінге бөлінбейтін, бір күн немесе бір жылда көрінбейтін ғаламат құндылық” – деді Бақыт Насырханұлы.

Өткен жылғы атқарылған жұмыстарға талдау жасап, алдағы жаңа оқу жылына қойған міндеттерді саралайтын іс-шараға аудан әкімінен бөлек аудан әкімінің орынбасары Б.Төребеков, ауданның прокуроры Ж.Ботабеков, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Ә.Сапарбеков, сондай-ақ аудандағы барлық білім мекемелерінің басшылары, білім саласы қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар, ата-аналар комитеті мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Онлайн жиын барысында 2019-2020 оқу жылында білім саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы ауданның білім бөлімінің басшысы М.Серикбаев кең көлемде баяндама жасады. Сондай-ақ, Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Д.Әбдіғалиға, Ж.Нұрлыбаев атындағы жалпы орта мектебінің директоры К.Абдироваға және “Үлгілі” балабақшасының меңгерушісі М.Ақбалаеваларға сөз кезегі беріледі.

Кеңесте 4 адам жарыссөзге шығып, ауданда білім саласын дамыту бойынша пікірлерін ортаға салды. Жиын барысында ауданның бас ұстазы М.Серикбаев жаңа оқу жылының міндеттері мен ұсынымдары аудандық БАҚ беттерінде жарияланатынын атап өтті.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған