БҮГІНГІ КҮН БӘРІМІЗ ҮШІН ҮЛКЕН ҮМІТТЕР КҮНІ БОЛСЫН!

Құрметті ұстаздар!
Қымбатты оқушылар, ата-аналар және барша мақтааралдықтар!
Күздің бірінші күні – еліміздің барлық білім беру мекемелерінде оқудың басталғандығының белгісі.

Білім күні – еліміздің әрбір тұрғыны үшін зор қуаныш. Өйткені, білім алуға және ғылымға ұмтылыс халқымыздың санасының тереңінен әрдайым орын алды. Бабаларымыз күллі жетістік табиғат пен қоғам дамуының заңдылықтары бейнеленген ғылымның деректерін, түсініктерін және заңдарын мақсатты игерудің нәтижесі деп білді.

Қазақстан Республикасы осы уақытқа дейін еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуымен қатар білім беру жүйесін жаңғырту мақсатында кезең-кезеңімен реформалар жүргізіп келеді. Сол білім беру жүйесіндегі реформаларды жүргізу Егемен Қазақстанның алғашқы құқықтық құжаттарының бірі – Тәуелсіздік Декларациясында бекітілген болатын.

Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты да — бәсекеге қабілетті маман дайындау болып табылады.

Әлемдік пандемияға байланысты елімізде білім беру жүйесі мүлде басқаша бағыт алды. Биыл оқушыларымызға білім беру қашықтықтан ұйымдастырылатын болады. Әрбір нәрсенің қайыры бар демекші, бұл да бір заманауи телекоммуникациялық, ақпараттық технологияларды оқушыларымыздың еркін үйренуіне негіз болады.

Қазіргі заманымызда еліміздің әлеуметтік-экономикалық қарқынды дамуы, экономикадағы жаһандану білім беруге жаңа талаптар қойып отыр. Бұл жағдайда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін сапалы оқыту мен тәрбиелеуге қол жеткізу мәселелері басты орын алуда. Бәсекеге қабілетті елге айналу үшін білім берудің жаңа үлгісін енгізу жағдайында жас тұлғаны дамыту үрдісі ретінде тәрбиелеуге аса назар аудару керек. Ол үшін білім беру факторларының: мектеп, отбасы, әлеуметтік ортаның кірігуінің көзделгені жөн.

Бүгінгі таңда Мақтаарал ауданында 56 мектеп жұмыс істейді, оның 55-і жалпы орта, 1-уі негізгі орта мектеп. Осы білім ошақтарында 1-11 сыныптарда 28 337 оқушы, мектепалды даярлық топтарында 2430 бала тәрбиеленуде. Сонымен қатар, мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты, балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында 1871 оқушы қосымша білім алады.

Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршінді азамат дәрежесіне дейін жеткізу үшін мұғалім қаншама тер төгеді, қаншама әдіс-тәсілдерді қолданады, баланың психологиясына үңіліп оның жан-дүниесін ұғынуға әрекет жасап, қабілеттерінің дамуына оңды ықпал етуге және балалардың білімді, тәрбиелі, өзара ынтымақты болуына, ер жетуіне бар күш-жігерін арнайды. Осы мақсатта ауданда 4063 педагог оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізуде.

Аудан бойынша 10135 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып,
3-6 жас бойынша балаларды қамту 99,7% құрап отыр (1-6 жас бойынша балаларды қамту 99,1%).

Қоғамымыздың ең беделдісі де, белсендісі де және кәсіби қабілеттісі де – мұғалім, ұстаз және ұстаздар қауымы болуы тиіс. Оның әл-ауқаты, біліктілігі әрқашан мемлекеттің назары мен қамқорлығында болып келген. Басқаша болуы мүмкін де емес. Соңғы жылдары білім мекемелеріне, мектептердің оқу материалдық базасын күшейтуге, мұғалімдердің тұрмыс деңгейін көтеруге тұрақты көңіл бөлініп, қаржыландыру басым бағыттардың бірі болып келеді.

Мақтаарал ауданында бүгінгі таңда типтік үлгідегі ғимаратта орналасқан мектептер саны – 44, ыңғайластырылғаны– 12 мектепті құрап отыр.

Құрметті ұстаздар және оқушылар!
Бұл күн тек атаулы мереке ғана емес, бұл біздің еліміздің болашағы үшін жауапты кезең бастамасы. Дәл осы күннен бастап, алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады.

Баршаңызды бүгінгі Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге бүгінгі ерекше, жайма шуақ күні жақсы көңіл күй, жаңа жетістіктер, шығармашылық табыстар, мықты денсаулық және жаңа бастамаларда тек қана сәттілік тілеймін!

Бүгінгі күн бәріміз үшін үлкен үміттер күні болсын!

Ізгі ниетпен,
Мақтаарал ауданының әкімі
Асанов Бақыт Насырханұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған